Алматыдағы Әуезов ауданының әкімі келесі жылға деген жоспарын айтты

16.02.2017 16:03

Әуезов ауданында 2018-ші жылдың соңына дейін ауданда жаңадан мектеп, балабақша және денсаулық орталығы салынбақ. Бұл туралы аудан басшысы халықпен кездесуінде айтты. Сондай-ақ, биыл көпқабатты үйлердің шатыры мен жеделсатысы ауыстырылатын болды.

285 мыңнан астам адам тұратын Әуезов ауданында атқарылған да атқарылатын да іс көп. Тұрғындарды әсіресе көріктендіру жұмыстары, аулалардың тазалығы мен ойқыш-ұйқыш жол мәселесі көп алаңдатады екен. Сондай-ақ,пәтер иелері кооперативінің жұмысына көбінің көңілі толмсайды. Аудан басшысы Алтай Рахымбетов тұрғындарды мұқият тыңдап, барлық ұсыныстар бойынша жұмыстар жасайтынын жеткізді. Бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесуге зейнеткерлер көп келіпті. Тұрғын үй аулаларындағы жарыққа қариялар наз айтты.

¤Мен біздің ауламызға жарық берулеріңізді сұраймын. Ауламыздағы 5-ші үйдің алдында жарық бар, ал 4-ші үйдің алды тас қараңғы. Сондай-ақ, тротуарымыз көлік жүретін жолға айналды. 7-ші мектеп-гимназиясына балаларын әкелетіндер көшеге біздің үйлеріміздің алдымен өтеді. Өте ыңғайсыз. Оның үстіне ауламыздағы жолдың барлығы шұрык тесік болып ойылып кетті.

«Қазір үй аулаларын жарықтандыру үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 5-ші ықшамауданындағы №4 үйде тізімге енгізілді. Жаз мезгілінде сіз айтқан ауланың жарығын жөндеп, жаңа бағандар орнатуды жоспарлап отырмыз. Ал, тротуарға келетін болсақ, біз автомобиль жолдары басқармасының мамандарымен бірлесе отырып ол жерді көріп, тиісті шешім қабылдаймыз»,- деді Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі, Алтай РАХЫМБЕТОВ. 

Аудан әкімі жыл соңына дейін Достық, Мамыр және Дубок ықшамаудандарында ұзындығы 50 шақырым сыртқы жарықтандыру желілерінің құрылысы басталатынын жеткізді. Жаңа жарық шамдары Ақсай, Алтын Бесік және Таугүл-3 ықшамауданының көшелеріне орнатылады. Тұрғындар көтерген көп сауалдың ішінде бітеліп қалған арықтар мәселесі де болды.

Сіз былтыр Абай даңғылының Сайын мен Момышұлы аралығындағы арық жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айттыңыз. Бірақ, біз 3-ші ықшамаудандағы арық мәселесін айтып, талай рет сіздерден көмек сұрадық. Өйткені, Абай даңғылында тұрған 25,26,27 және 28 үйлерді жаңбыр жауған сайын су басады да жатады. Тіпті су жертөлемізге дейін кіріп, тұрғындармен жабылып құтқару қызметін шақырған күніміз де болған. Осы мәселені реттеп беруіңізді сұраймыз.

«Иә, ондағы арықтар табиғи ресурстар басқармасы желісі бойынша қайта қалпына келтірілген болатын. Бірақ, өкінішке орай, арық жүйесі еңіс болғандықтан, жаңбыр сулары сіздердің үйлеріңізге барып құйылады. Біз бұл жерлердің барлығын тексердік. Көктем шығысымен сіздердің мәселелеріңізді шешеміз»,- деді Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі, Алтай РАХЫМБЕТОВ. ¤

Жиында аялдама туралы да айтылды. Аудандағы 159 бекеттің  жетіспейтінін жасырған жоқ. Аудан көркіне көз жұмып қарамайтын ел көпқабатты үйлердің сыртқы келбетін әрлеуді де сөз етті. Онсызда, биыл 19 көпқабатты үйдің шатыры мен жедел жеделсаты ауыстырылмақ екен. 

«Ауланы көріктендіру жұмыстары биылға бізге үкімет тарапынан қаражат бөлінген, оның қазір конкурстық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол енді мамыр, маусым айларында біз көріктендіру жұмыстарын бастаймыз. Биыл Әуезов ауданы бойынша 50 аула жоспарланған, ол аулаларда енді берілген уақыт ішінде көріктендіру жұмыстары жүргізіледі»,- деді Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары, Архат ОМАРОВ.

Айта кетсек, жергілікті билік денсаулық сақтау мен білім беру салаларына да мықтап назар аудармақ. Биылғы жылы ауданда 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп пен 200 орынды балабақша және отбасылық денсаулық орталығының құрылысы басталады. Бүгінгі күні аудан бойынша 50%-дан астам салық түсімін шағын және орта бизнес төлейді екен.

Айдана Мейрамбайқызы, Ильзат Акчурин, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы