Алматының "Думан" ықшамауданына су және кәріз құбыры жүргізілмек

29.11.2017 21:29

Алматыдағы "Думан" ықшамауданына су және кәріз құбырын жүргізу жұмыстары көктемде басталады. Сонымен қатар, 2018-ші жылы таулы аймақтарда орналасқан «Каменское плато», «Кеңсай», «Сұлусай», «Көлсай», «Бутаковка» шағынаудандарына көгілдір отын тартылмақ. Бұл туралы «Медеу» ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев Алматы аудандарының дамуына арналған брифингте мәлімдеді. Сондай-ақ, осы жылдың соңына қарай 4 балабақша ашылмақ. Кездесу барысында көк базар маңындағы заңсыз ұялы телефон сататындар мен бір пәтерді тәулікке  жалға беретіндер туралы да сөз болды. Енді, заңсыз кәсіпкерлер сауда орындарын жалға алып жұмыс істеуге тиіс.

«Көбісі кетті. Біз тізім бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қасында «Мегатау», жанында міне базардың ішіне кіріп, заңды салығын төлесеңіз, ешкім сізге тиіспейді, таза жерде сатыңыз. Біріншіден – көбісі  салықтан қашады, екіншіден – тез өтімді болғаннан кейін халыққа көшеде қызмет жасайды», - деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Жалпы, аудан бойынша «бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 14 жоба жүзеге асырылып, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылыпты.  Сондай-ақ, соңғы 10 айда сауда айналымы 288,6 миллиард теңгені құраған. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 99 миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда 30 миллиард теңгеге көп екен.