Ақтөбе облысында мал іздеуге шыққан 6 адам хабарсыз кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мал іздеуге шығып кеткен 47 жастағы Мейірхан Қарақов және оның інісі 42 жастағы Мейіржан Қарақов екі жыл бұрын жоғалып кеткен жылқыны іздеуге кетіп, хабарсыз қалды.
Олардың жанында 59 жастағы Әлімжан Есбосынов пен «бір үйір жылқыны көрдім» деген Шалқар ауданының 3 адамы бар. Барлығы 6 адам қыркүйектің бірі күні шығып кетіп, үшінде соңғы рет ауылға хабарласты. Содан бері хабар болмаған соң Қарақовтар отбасы полицияға арыз жазып, әлеуметтік желі арқылы ақтөбеліктерден көмек сұрады.
«Өзім шаруа қожалығының басшысымын. Екі балам екі жыл бұрын жоғалып кеткен 33 бас жылқыны іздеп кетті. Негізі бұрын да көрдім деген бағыт бойынша іздеп, табылмаған еді. Соңғы хабар келгенде балаларым Шалқардың үш адамын ертіп алып, УАЗ көлігімен жүріп кеткен. 3 қыркүйекте «байланыс аясында болмаймыз» деп хабарласып, содан бері үнсіз қалды. Олар Шалқардан шығып Ырғыз, Тәуіп ауылы мен Ақеспе елдімекеніне бағыт алған. Арал ауданы жағына қарай кеткен сияқты»,- деді жоғалғандардың әкесі Бақберген Қарақов.
Қарақовтар отбасы 6 қыркүйекте полицияға арыз жазды. Екі баланың жолына қараған Бақберген Қарақов ішкі істер органдары мен әкімдіктен, төтенше жағдайлар қызметінен көмек сұрап, іздеу жұмысына тікұшақты қосуды қажет деп санайды.
«Бір ұлым ауыл шаруашылығы басқармасында жұмыс істейді. Хабар келген соң сұранып, жолға шығып еді. Жолын тосып отырмыз»,- деді Б.Қарақов.