Ақтөбеде автобус аударылып, жеті азамат жарақат алды

27.02.2018 в 07:21

Ақтөбеде тағы да автобус аударылып, Өзбекстанның 7 азаматы жарақат алды. Жол апаты Самара-Шымкент тасжолында болған. Ақтөбеден Хромтау ауданына бағыт алған автобуста 25 жолаушы болыпты. Қазір Қылмыстық Кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

«Сағат 20:40-та Самара-Шымкент тасжолында жол-көлік оқиғасы болды. Хромтау ауданының Жазық ауылы  маңында автобус аударылып қалды. «Мерседес» маркалы автобустың 35 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Сол кезде автобус аударылды. Зардап шеккен 7 жолаушы Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді», - деді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат САРҚҰЛОВ.

Жол апатынан зардап шеккендердің ең жасы 1997 жылғы жігіт екен. Ауруханаға түскендердің барлығы да таңертең үйлеріне жіберіліпті. Еске салайық, 18 қаңтар күні дәл осы Самара-Шымкент тасжолында автобус өртеніп, Өзбекстанның 52 азаматы қаза болған еді.


Теги: Ақтөбе