Ақтөбеде көктайғақтың салдарынан тайып құлап, жарақат алғандардың саны өсіп барады

Ақтөбеде көктайғақтың салдарынан тайып құлап, жарақат алғандардың саны өсіп барады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеліктердің көбі бүгін жұмыстарына кешікті. Жаяулар жылтыр мұздың үстімен жүре алмай әбден қиналды. Абайламаса, тайып жығылады – деп хабарлайды rikatv.kz.

Облыстық жедел жәрдем ауруханасында таң атқаннан дүрбелең. Мұзға тайып құлап, майып болып жатқандар өте көп. Зардап шеккендерді әлсін-әлсін жедел жәрдем көлігімен әкеліп жатыр. Жарақаты жанына батып, өздері жеткендер де бар. Травматологтар бәрін қабылдап үлгермей жатқан соң, өзге бөлімдерден мамандар көмекке келді.

«Аурулардың санын өздеріңіз көріп тұрсыз. Қазір осының ішінде жүзге жақын адамдар жүр. Жарақаттың ауруына байланысты, кімнің жарақаты ауыр болса соны бірінші қабылдап жатырмыз. Стационарлық ем қажет болса, соған жатқызып жатырмыз. Орын жеткілікті. Ешкім мұнда қараусыз қалмайды», - дейді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рахымжан Арыстан.

"Табыс Ақтөбе" мекемесіндегілер қалада жаяу жүргіншілер жолына таңнан бері құм себіліп жатыр дейді. Алдымен мектептер мен балабақшалар маңына, кейін орталық көшелердегі тротуарларға, жаяу жүргіншілер жолақтарына құм төгілген. Тротуарларға себіліп жатқан еш қоспасыз, таза құм. Қар астындағы топырақты және жаяулардың аяқ киімін бүлдірмеу үшін биыл тұз аралас құм шашудан бас тарттық, дейді коммуналдық мекеме өкілі.

«Таңғы 07.30 мұзды ойып, құм себуге 300 астам адам шықты. Жұмысты ертерек бастай алмадық. Жаңбырдың тоқтағанын күттік. Жаяужолды тазарту қиын, оған техника шыға алмайды, қолдың күші қажет», - деп түсіндірді Табыс-Ақтөбе ЖШС директорының орынбасары Александр Лисицкий.

Ол сондай-ақ, мекемелер мен ұйымдардың айналасындағы аумақтың тазалығына жауапты екенін еске салды. Әр мекеме есік алдындағы бес метр аумақтың мұзын ойып, қарын тазартуы керек. Қаланы көгалдандыру және абаттандыру ережесінде солай жазылған.

Новости партнеров