Ақтөбеде тіс дәрігерін кепілдікте ұстаған қаскөйдің көзі жойылды

16.03.2017 16:49

Ақтөбеде тіс дәрігерін кепілдікте ұстаған қаскөйдің көзі жойылды. 24 жастағы жігіт қаладағы стоматология ғимаратына келіп, ондағы қызметкерге қару кезенген. Анық болғаны - қылмыскер өз әйелін өлтірмекке бекініпті. Өйткені, осыдан бірнеше күн бұрын жарымен ажырасқан. Алайда, клиникаға қару асынып келгенінде, әйелі жұмыс орнында болмады.  Сөйтіп, ол ондағы дәрігерлердің бірін кепілдікке алған. Құзырлы орын өкілдері ашынған жігітпен 5 сағат бойы бір тоқтамға келе алмады. Ақыры, қаруланған жігітке оқ атуға тура келіпті. Ал, кепілдікке алынған келіншекке психологтар көмек беріп жатыр.

«5 сағат бойы жүргізілген келіссөздер нәтиже бермеді. Барлық қабылданған шаралар бейбіт жолмен шешуге еш мүмкіндік болмағандықтан, адам өміріне қауіпті күшейткенін ескертіп, әрі қылмыскер әрбір минут сайын ызыланып, сағат 00.00 шамасында полиция қызметкерлері кепілге алынған азаматшаның өмірін алып қалу үшін, арнайы операцияға кірісті. Заңға сәйкес, табельдік қару қолданып, қылмыскердің көзі жойылды»,- деді Ақтөбе облысы ІІД басшысының орынбасары, Арыстанғани ЗАППАРОВ. 

Аталған жайтқа байланысты Қылмыстық Кодекстің қос бірдей бабы бойынша іс қозғалды. Әзірге, қаскөйдің қаруды қайдан алғаны белгісіз. Тағы бір дерек - жер жастанған жігіт, қарулы шабыл ұйымдастырмас бұрын, әйелінің ата-анасының үйіне барған деседі. Ол жерде енесіне пышақ сілтеп, дене жарақаттарын келтірген екен.