Ақтөбедегі әскери бөлімнің бұрынғы екі қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Олар өткен жылдың маусымында әскери бөлімге жасалған лаңкестік шабуыл кезінде әжетханаға тығылып қалған. Ақтөбе гарнизонының әскери сотының судьясы Бекболат Тажмұхан Тастамбеков Қайнарбек және Оразжанов Қайырғалиды «Iшкi қызмет атқарудың немесе гарнизонда патруль болудың жарғылық қағидаларын бұзу» бабы бойынша айыпты деп таныды. Тастамбеков 4 жарым жылға, ал, Оразжанов 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді. Сондай-ақ әскери шені алынды әрі 57 мың теңге процессуалдық шығын өндіру туралы шешім шықты. Айта кетейік, былтыр бесінші маусым күні экстремистердің қолынан сол әскери бөлімде майор Даниел Майлыбаев пен офицер Берік Қалиев және қатардағы жауынгер Досбол Сапар қаза тапқан болатын.
«Ешқайда кетпеу және өзін тиісті түрде ұстау туралы қолхат, бұлтартпау шарасы өзгертіліп, Тастанбеков пен Оразжанов сот залында қамауға алынды. ҚР Қылмыстық Кодексінің 49 бабы, 1 бөліміне сай сотталғандар Тастанбеков пен Оразжанов майор әскери шендерінен айырылды. Сот үкімі заңдық күшіне енген жоқ», - деді ҚР Әскери соты бөлім басшысының міндетін атқарушы Ерлан АХМЕТЖАНОВ.