Алакөлге демалуға келгендер шипалы батпақпен емделіп, суға шомылып қана қоймай, рухани қор жинап қайтатын болады. Үржар ауданының Қабанбай ауылында туристерге арналған мұражай бой көтеріп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Музей құрылысы мамыр айында ғана басталған болатын. Соған қарамастан, биыл қолданысқа берілуі тиіс. Ол үшін жобаға енгізілген өзгерістерді уақыт оздырмай пысықтап, қосымша қаржы бөлу қажет. Алакөлдің жағасында болып, абаттандыру жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов музей құрылысына қажетті 323 млн теңгені бөлуге дайын екенін айтқан болатын. Болашақта мұнда қазақ тарихының бағзы заманнан бергі үш мыңнан астам құнды экспонаты қойылады.
Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің айтуынша, Алакөл жағалауын абаттандыру жұмысына үш жылда 4 миллиард 363 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Биыл бұл бағытта 2 миллиард 511 миллион теңгенің жұмыстары атқарылмақ. Оның ішінде негізгілері деп Барлық-Арасан–Алакөл және Мақаншы–Жалаңашкөл бағытындағы жолдардың жөнделуін айтуға болады. Бұған қоса, көл жағасында құны 157 миллион теңгелік саябақ пайда болды. Жағалауды абаттандыру жұмыстарына 433 млн теңге бөлу қарастырылған.
Былтыр басталған Арбатты абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасын тапты. Бұл мақсатқа 467,9 миллион теңге қарастырылыпты. Оның ішінде, электр желілерін тарту жұмыстарына шамамен 50 миллион теңге бөлінген. Жер-жерде шағын субұрқақтар мен гүлзарлар, түрлі пішіндегі сәулеттік құрылыстар пайда болды. Жағажайдың да бет-бейнесі халықаралық талғамға сай өзгерген. Мұндағы ең басты жаңалық – жағалаудағы пирстің ұшына алып кеме келіп қонбақ. Жоспар бойынша кеменің ішінде заманауи мейрамхана қызмет көрсететін болады.
«Алдағы уақытта Арбаттың сол жағындағы жағалауды абаттандыру жұмыстарына күш саламыз. Бұл мақсатқа 806,6 миллион теңге бөлінбек. Оның ішінде жерге тас төсеніш пен декинг төсеу, 900-ден астам кішігірім сәулет мүсінін, темір жақтаулар мен жүзу алаңының белгілерін орнату, сондай-ақ жасанды бұғаз салу жұмыстары жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, демалыс қалашығы аумағында ақпараттық орталық құрылып, жұмысын бастады», - дейді Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин.
Аталмыш ақпараттық орталықта туристерге демалыс базалары қызмет көрсетеді және судың емдік қасиеті туралы толық ақпарат тегін беріледі. Келушілер үшін демалыс қалашығының үш тілде жасалған картасы ұсынылуда.
Бүгінде көл жағалауында жоғары жылдамдықтағы Интернет желісінің жоқтығы өзекті мәселе болып тұр. Көл аумағында әзірше 3G, 4G, Теле2 және Altel ұялы байланыс операторларының сигналдары ғана қолжетімді.
Аудан әкімінің айтуынша, келесы жылға Мақаншыдан Қабанбай ауылына дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстарын бастау жоспарланған. Аталған мақсатқа жалпы сомасы 268 миллион теңге көлемінде қаражат қажет.
Жыл сайын көркіне көрік қосып, сервис сапасы артып келе жатқан Аягөзге келер жылы биылғыдан да көп турист келеді деген болжам бар. Облыс әкімі келушілердің өсіміне демалыс базарлары да дайын болуы керек деді.
«Көл жағалауын абаттандыру үшін соңғы екі жылда кыруар жұмыс атқарылды. Осы мақсатта 4,5 млрд теңге қаржы жұмсалмақ. Жұмыстар әлі де жалғасады. Алдағы үш жылда жол мәселесін толықтай шешу көзделген. Биыл теміржол мен әуе рейстерін іске қостық. Осы маусымнан кейін келер жылы туристік орынға жету үшін рейстердің жиілігін қаншалыкты арттыру қажеттігі анықталады», - деді аймақ басшысы.
Алдағы жылы Алакөл жанындағы жасыл паркті кеңейту, жағалаудағы абаттандыру жұмыстары жалғасады. Даниал Ахметов аудан әкіміне көл жағалауындағы жабайы сауда мәселесін реттеп, шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге арнайы орын бөліп беруді жүктеп отыр.