«Алатау» дәстүрлі өнер театрының алды көшпенділер мекеніне айналды

06.02.2017 15:25

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алды көшпенділер мекеніне айналды. Алатау алабы фестивалі аясында киіз үй тұрғызылды. Ал еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қолөнершілер қала тұрғындары мен қонақтарына ою-өрнекті алаша тоқуды және көздің жауын алатын әшекей бұйымдарды жасауды үйретуде.

Бірнеше шаршы метрге жайылған этноауыл қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаған тіршілігін жандандырды. Мұнда бас-аяғы 4 киіз үй бой көтерген.

Еліміздің әр өңірінен келген үздік шығармашылық ұжымдары қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнерлерін ұсынуда. Сәндік-қолданбалы өнердің көрме-жәрмеңкесін, шеберлердің дәрісін  барлығын осы жерден таба аласыз.

Шеберлік сабақтарының аясы өте кең. Олардың арасында қыштан түрлі бұйым жасайтындар, домбыра, бесік, тіпті қамшы жасайтындарды да кездестіруге болады.

«Негізінен жас балалар қызығады. Үлкен кісілерге қарағанда, жас балаларға енді мына сәндік дүниелер бірден байқалады. Тез байқайды олар. Көбінесе балалар өте эмоциональный. Барлығын сұрайды», - деді суретші-керамист Марат СӘРСЕБАЕВ.

Бибіжар Симова фестивальге қатысу үшін Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген. Шебер жүн сабау, жіп иіріп, қызыққан жұртқа бар білгенін үйретуде. Одан бөлек, ою-өрнекті алаша тоқып, кестелеп тігудің қыр-сыры да мұнда келген халыққа көрсетілді.

«Мына елімізге келіп жатқан қонақтар қазақтың, біздің өнеріміздің ұлттық өнеріміздің бар екендігін көрсін, әрі үйренсін, білсін деген оймен келдік. Көрсетіп жатырмыз. Әлде де болса жастарға соны үйретудемін», - деді шебер Бибіжар СИМОВА.

Көрмеге келушелер мынадай ою-өрнекпен әрленген түрлі киімдерді, сондай-ақ ұлттық нақышта жасалған әшекей бұйымдарын көре алады.

Этноауылды аралаған халықтың қуанышында шек жоқ. Киіз үйдің алдында қалаушылар бүркіт және тазымен суретке түсе алады.

Бес күн бұрын бой көтерген этноауыл 8 ақпанға дейін есігі ашық. Ол өз жұмысын таңғы сағат 10-да бастайды.