Бүгін Үлкен Алматы шатқалында алғашқы төтенше жағдай орын алды. Отқа оранған аумаққа өрт сөндірушілердің барлық құрамы жұмылды. Алау-2018 оқу жаттығуына қаламен қатар, облыстың да арнайы қызмет өкілдері қатысты.
Алатау - туристер ең көп келетін аймақтың бірі. Сондықтан тамаша табиғаттың сақталуын барынша қамтамасыз ету керек дейді төтеншеліктер. Бүгін арнайы қызмет өкілдері төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін дәстүрлі АЛАУ-2018 оқу жаттығу шарасында көрсетті.
«МИ-8 тікұшағы шамамен 2 мың литр суды тасуға қауқары бар. ЕРМАК маркалы өрт сөндіргіші ормандағы өртті өшіруге арналған. Қазір 18 литр суды шашты. Тағы құйып жатырмыз»,-деді «Қазәуеорманқорғау»РМКК Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің аға ұшқыш-бақылаушысы Талғат ӘЛИЕВ.
Апатты жағдай туындаған жағдайда бірауыздан әрекет ету керек, - дейді мамандар. Альпинистер, өрт сөндірушілер, ұшқыштар, яғни жеке құрамның 120-дан астам қызметкері жалынды бірнеше минутта ауыздықтады.
«Төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық органдары, қалалық және азаматтық қорғаныс өкілдері қатысты. Бүгінгі шараға облыстан, Қаскелең қаласынан да қосымша күш тартылды»,-деді Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА.
Бұл тектес шаралар Алматының әсем табиғатын қаз қалпында сақтауға көмектеседі. Төтеншеліктердің берген мәліметі бойынша, соңғы бес жылда тауларда өртену деректері тіркелмепті. Тек мұндай шаралар алматылықтар мен қала қонақтарының өрт қауірсіздігін қатаң сақтаулары үшін керек. Ал оқыс жағдайда 101 немесе 102 нөмірлеріне хабарлаулары тиіс.
Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, Алматы телеарнасы.