|
06.09.2018 | 10:40
2718

Алдағы демалыс күні Алматыда дәстүрлі Кітап фестивалі өтеді

Алдағы демалыс күні Алматыда дәстүрлі Кітап фестивалі өтеді

Алматыда қала күні мерекесінің аясында Кітап фестивалі өтеді. 8 қыркүйекке жоспарланған «KITAP FEST» мерекесі 2014 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Шарада отандық жазушылар шеберлік сабақтарын өткізбек. Тамыздың 25-і мен қыркүйектің 30-ы аралығында мегаполисте 100- ден аса іс-шара жоспарланған. Оның 50-ден астамы мәдени шаралар.

«Kitap Fest» шарасының мақсаты тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Мұнда оқырман қазақ әдебиетінің марқасқалары мұра етіп қалдырған еңбектерді, сондай-ақ жаңадан жарыққа шыққан туындылармен таныса алады. Одан бөлек, арнайы кітап иллюстрациясы жасалып, 5 мыңға жуық туынды үлестірілмек.

«Кітап фестиваліндегі кітаптар қала тұрғындарынан жиналады. Біз кітаптардың бәрін іріктеп, фестиваль болатын күні арнайы лабиринттер құрастырамыз. Кітап инсталяцияларын сол арқылы қызықты мүсіндер арқылы кітапты қала тұрғындарына ұсынамыз. Еркін түрінде сосын ол кітаптарды қала тұрғындарының оны таңдап алуға мүмкіншіліктері болады», – деді Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Ләззат СПАТАЕВА.

Отандық жазушылар тұрғындарға арнап шеберлік сабақтарын өткізеді. Қаладағы ірі кітап дүкендері жәрмеңке ұйымдастырмақ. Фестиваль аясында балалар үшін ойын аймағы жұмыс істейді. Онда аниматорлар жеткіншектерге суда сурет салу, аквагрим және өз қолымен кітап жасауды үйретеді.

«Биыл I book you ұйымдастыруымен ең үлкен алматылық кітап алмасу өтеді. Яғни, тұрғындар өздерінің оқыған кітаптарын жаңаға алмастыру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, өз сөрелерін жаңа кітапқа толтыру мүмкіндігіне ие болады. Көптеген өте қызықты мамандарды шақырып отырмыз. Яғни, қалай кітап оқуға болады, кітап оқу арқылы қалай дамуға болады деген тақырыптарда ірі-ірі семинарлар өтеді», – деді «KITAP FEST» бас үйлестірушісі Майра ӘЛЖАНОВА.

Кітап фестивалі 8 қыркүйекте өтеді. Дәстүрлі түрде 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған шараға биыл 6 мыңнан астам тұрғын келеді деп күтіліп отыр.


Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир