Алдағы мейрам күндері алматылықтар қандай мәдени шаралардан құр қалмағаны абзал?

05.05.2018 15:59

Алдағы күндері Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне орай қазақстандықтар 4 күн демалады. Алматылықтар мен қала қонақтары қандай мәдени шаралардан құр қалмағаны абзал?

5 мамырда әнші Роза Әлқожаның концерті өтеді. «Мен сені сүйем, өмір» атты ән кешінде өнер иесінің жаңа әндерінің тұсауы кесілмек. Көпшіліктің сүйікті әніне айналған «Әпкенің» екінші нұсқасы шырқалады. Сондай-ақ өнер сүйер қауымды түрлі тосынсыйлар күтуде. Концерт Республика Сарайында болады.

«Оразалы Досбосынов пен Ажар Сөлбекқызының қос құлыншағы шығады сахнаға. Өзімнің Ақбота, Бейбарыс деген балапандарым қазір ер жетті, бой жетті, халық сұрап жатыр. Сондықтан сол балапандарды да көрсетеміз. Сол сияқты елдің жақсы көретін «Мен сыйға тартқан орамал» сияқты, «Жүрек назы» сияқты әндерімен бірге жаңа әндерді тыңдайтын боласыздар», - деді әнші Роза ӘЛҚОЖА.

Ал ертегі әлеміне саяхаттаймын деушілер үшін мұздағы шоу ұйымдастырылады. Ағайынды Гриммдердің танымал «Ақшақар» ертегісін әлемнің ең үздік 25 мәнерлеп сырғанаушысы сахналайды. Қызықты сюжет, тамаша костюмдер, ұтымды техникалық әдіс, ерекше декорация мен заманауи арнайы эффектілер кештің көркін қыздыра түспек. Мұздағы шоу 6,7 мамыр аралығында «Алматы Аренада» өтеді.

«Мұздағы шоу үлкенге де, кішіге де қызық болары анық. Қойылымды қою үшін мәнерлеп сығанау бойынша әлемнің 5 дүркін чемпионы және төрт контингент чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Петр Чернышев келеді. Мұз айдынында қойылатын шоудың басты рөлін ресейлік атақты мәнерлеп сырғанаушы Аделина Сотникова сомдайды», - деді ұйымдастырушы Марлен НҰРМАҒАМБЕТОВ.

Салауатты өмір салтын ұстаушылар қайырымдылық жүгіру шарасына қатыса алады. Ерекшелігі сол, мұндай акция әлемнің түкпір-түкпірінде бір мезетте басталады. Шараға қатысқан әр азаматтың есімі жаһандық кестеде көрсетіледі. Атап өтерлігі, мұндай шара бұған дейін 2014, 2015 және 2016 жылдары ұйымдастырылған. Осы уақыт аралығында оған 38 мемлекеттің 280 мың желаяғы қатысқан. Жаппай жүгіру 6 мамыр күні Тұңғыш Президент саябағында бастау алады.

Бейнелеу өнерін жаны сүйетіндер үшін де ерекше көрме шымылдығын түрді. Онда белгілі суретші Рашид Нұрекеевтің жұмысы қойылған. Алғашқы жеке көрмесінде кескіндеме, коллаж, фотосурет, инсталляция және видео туындылары көпшілік назарына ұсынылған. Қылқалам шеберінің жұмыстарымен 6 маусымға дейін танысуға мүмкіндік бар.

«Көрмеде қойылған туындыларды жарты жыл аралығында дайындадым. Суретшінің ойында идея әрдайым болады. Қазір әлемде орын алып жатқан оқиғаларға өз көзқарасын көрсету. Жұмыстарымды көпшілік назарына жиі қойып тұрамын. Ал жеке көрмемді бірінші рет өткізіп отырмын», - деді суретші Рашид НҰРЕКЕЕВ.

Тәттіге құмарлар үшін кондитер аспаздарының қолынан шыққан өнімдерден дәм тата алады. Фестивальде диетикалық тағамдар да ұсынылмақ. Ал Лас-Вегастан келген илдюзионистер сиқыр әлеміне баурап алмақ. Бағдарламада белгілі иллюзионист Дэвид Копперфильдтің трюктары да көрсетілмек. Менің демалыс күніне арналған топтамам осымен тәмам. Демалыстарыңыз мәнді, әрі сәтті өтсін.


Перизат Көмекбайқызы, "Алматы" телеарнасы