Алғабас ықшам ауданында тағы бір үй қисайды

Алғабас ықшам ауданында тағы бір үй қисайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Басынан дау арылмаған Алғабас ықшам ауданында тағы бір үй қисайды. Көп қабатты тұрғын үй алдына қарай 40 смге дейін еңкейген көрінеді. Баспаналарының қабырғасы күн санап жантайғанын байқаған тұрғындар қауіпті үйден көшіруді талап етіп отыр. Олар бойындағы үрейін айтып, төтеншеліктерді де шақырыпты. Бірақ, құтқарушылар жұрттың жанайқайына құлақ аспай отырған көрінеді. 

Алғабас ықшамауданының тұрғындарынан тағы маза кетті. Сәуірде жауған жауыннан соң, онсыз да іргетасы сыр берген №156 үйдің үстіңгі қабаты ауытқи бастапты. Әуелде бұған мән бермеген халық, баспаналарының қабырғасы күн сайын айтарлықтай еңкейіп бара жатқанын байқаған. Маңайдағы үйлердің іргетасын нығайтып жатқан жұмысшылар, тұрғындарға бұл баспананың қабырғасы 40 смге дейін қисайғанын айтыпты. Содан бері жұртты4 үрейі ұшып отыр. 

«Былтыр бізге 15 см қисайды, комиссия бұны қалыпты деп айтты деді. Жарты ай бұрын 24 деді. Ал, кеше бір жұмыскерден білдіртпей сұрасақ, ол 40 см деп айтты. Жарты метрге үйіміз қисайып тұр. Сондықтан, бізде түнде ұйқы жоқ, күндіз күлкі жоқ. Балаларымызды жеке үйге тастауға қорқамыз»,- деді Қала тұрғыны, Гүлнәр КӘРІПЖАНҚЫЗЫ.

«Үйдің жағдайы отырғанда кәдімгідей біреу қозғап тұрған сияқты сықыр-сықыр етеді. Есіктер ән салады. Кухнямның есігін сықырлай бергесін алып тастадым»,- деді Қала тұрғыны, Жаныс МЕҢДІБАЕВ.

Дабыл қаққан жұрттың жан айқайын жергілікті әкімдік естіген. Бірақ, атқамінерлер үйді апатты деуден аулақпыз дейді. Өйткені, баспананың 40 смге ауытқығаны, ел арасындағы жаңсақ пікір көрінеді.

«Біреулер арасында сол тұрғындардың өтірік айтқан. 40 см кетіп қалды, сендердің үй қауіпті деп. Соны біреу жіберіп, елдер үркіп қалды»,- деді Алатау ауданының әкімі, БАҒДАТ МӘНІЗОРОВ.

Қазір біз 7-ші қабаттағы пәтерлердің бірінде тұрмыз. Тұрғындар өздерінің үйлерінің қисайғандығын мынандай дөңгелек заттар арқылы біледі. Яғни, тегіс жерде мынадай дөңгелек заттар өздігімен сырғанап, құлдилайды екен.

Мемлекеттік бағдарламамен салынған үй осыдан 3 жыл бұрын қолданысқа берілген. Көппен бірге қуанып, қоныс тойын тойлағандардың бірі Айнұр Қобыланды. Медицина қызметкері бұл пәтерге ұзақ жыл кезекке тұрып қол жеткізген. Сол қуанышы енді көпке созылмайтын түрі бар. Қазір Айнұр тұрған үй аутқығаны өз алдына, қабырғаларына да жарық түсіп, сыртқы сылақтар сөгіле бастаған. 

«Біз түнімен ұйықтамаймыз, түнде қорқамыз ұйықтауға. Өйткені, кім біледі Қарағандыдағыдай жағдай болып қалса біз үлгеріп шыға алмаймыз»,- деді Қала тұрғыны, Айнұр ҚОБЫЛАНДЫ.

Зәре құты қашқан тұрғындар үйлерінің апатты екенін айтып төтеншеліктерге шағымданған. Алайда, құтқарушылар баспанадан тұрғындарды көшіретіндей қауіп жоқ деп кесіп айтыпты. Десе де, қисайған қабырғадан қорыққан халық мамандар нысанды мұқият тексеріп,  қаншалықты қауіпті, қауіпсіз екенін анықтап берсе деп отыр.

«Жанымыздағы үйді түзеттік деп айтты. Бірақ, тұрғындар ақырындап көшіп жатыр басқа жаққа. Біз енді сұрайтынымыз, біздің үй қатты қисайып тұр. Олар бізге ешқандай жауап бермей жатыр. Біз көшіргенді қалаймыз. Ерте ме, кеш пе, аяқ асты жер сілкінсе 5-6 балл мына үй кетейін деп тұр»,- деді Қала тұрғыны, Әлима СӘРСЕНОВА.

Жанұшырған жұртты жергілікті әкім сабырға шақырып, алаңдауға еш негіз жоқ екендігін алға тартты. Аудан басшысының айтуынша, №156 үйдің қабырғасының ауытқуына, жапсарлас салынған баспананың іргетасын нығайту кезінде техниканың жұмысы әсер еткен.

«Техникалар жерді ойып сыбай қағады. Сол кезде трещина береді. «Осындай қорқамыз, қауіпті» деп жатыр. Сол жөнінде мен қазір қалаға бара жатырмын, хатымызды дайындадық. Қазір қалада жиналамыз, ҚазНИИСА дейміз, ГАСК дейміз. Мұның қаншалықты қауіпті, қауіпсіз екенін шешеміз»,- деді Алатау ауданының әкімі, Бағдат МӘНІЗОРОВ.

Үй қабырғасының қисайғаны байқалады. Мұны ескерген шенділер, мамандарға дереу тиісті тапсырма беріпті. Қазір үй тексеріліп жатыр. Жауапты мамандар нысанның топырақ құрамын зерттеп, қабырғаларын өлшемек. Бұл баспананың қауіпті немесе қауіпсіз екені, сондай-ақ, нақты қанша смге ауытқығаны зерттеу қорытындысы бойынша, алдағы күндері белгілі болмақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Ғибрат Бақаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров