«Алғабас - 6» ықшамауданындағы қисайған үйге кезінде техникалық қадағалау жасаған сарапшы аттестатынан айырылып, айыппұл арқалады. Сондай-ақ, жобалаушы ұйым да заңға сәйкес жазасын алыпты. Бұл туралы Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы мәлімдеді. №136 үйдің ауытқуына байланысты әлі де зерттеулер жүріп жатқан көрінеді. Ал, ол үйден көшірілген тұрғындарға жаңа баспана 1 сәуірде беріледі. 72 пәтерлі 9 қабатты үйді «Астана құрылыс» компаниясы толығымен өз есебінен салған. Жаңа баспананың жобасы бұрынғысымен бірдей, яғни шаршы метрлері еш өзгеріссіз қалған. Сондықтан, бұрынғы апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанадан, өздері тұрған үлгідегі пәтерлерді алады. Мердігер компания, тұрғындарды көшірісуге жәрдемдеседі. Әрі, бұрынғы үйде жасаған жөндеу жұмыстарын да жасап бермек. Осы ретте құрылысқа жауапты мамандар жаңадан тұрғызылған үйдің сапасы мінсіз дейді
«Үйдің сапасы толығымен қоғамдық адамдармен қадағаланып, оның ішінде тұрғындардың қатарынан сайланған еркін топтардың жетекшілері үнемі құрылыстың басында тұрды. Сонымен қатар, Мемлекеттік Сәулет құрылыс бақылау басқармасының да қызметкерлері және Құрылыс басқармасының қызметкерлері де бұл құрылыстың сапасын бақылап тұрды. Бұл үйдің негізгі салу уақыты кішкене созылды. Өйткені, қосымша жобаға байланысты топырақ негіздерін бекіту бойынша қосымша бекіту жұмыстары жүргізілді»,- деді Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы, Мұхамедғаріп ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.
Бұған қоса, «Астана құрылыс» 200 млн теңге қаражат шығарып, №136 үйді толықтай қалпына келтірген көрінеді. Қосымша көріктендіру жұмыстарын да жүргізіп шықпақ. Енді ол пәтерлер коммуналдық меншікке өтіп, болашақта өзге азаматтарға сатылмақ. Естеріңізге сала кетейік, былтыр маусым айында «Алғабас» ықшамауданындағы
№136 үйдің іргетасы сыр беріп, 72 пәтерлі баспана 34 см шатқаяқтап қалған болатын. Дереу төтенше жағдай жарияланып, мұндағы тұрғындардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілген. Осы оқиғадан соң ықшамаудандағы барлық үй жаппай тексерістен өтіп, ақауы барларының іргетасы мықтап бекітілген еді.