Ұлттық символымыз аяқ астына тапталды

30.11.2016 17:02

Ұлттық символымыз аяқ астына тапталды. Алматыдағы ағылшын тілін үйрететін орталықтардың бірі «Алтын адам» бейнесі суреттелген кілемшені  табалдырықтарының алдына төсеп қойыпты. Ұлттық құндылықтарымыздың бірі саналатын «Алтын адам» бейнесін осылай қорлаған мекеменің тірлігін тұрғындар арнамыздың ватсап нөміріне хабарлап айтты. Олар 2 жылдан бері орталық әкімшілігіне «Алтын адам» кілемшесін аяқ астына төсемеуді айтып, өтініш білдіріпті. Алайда, мекеме басшылары бұған құлақ аспаған екен. Тіпті, «Алтын адам» заңмен қорғалмаған, сондықтан оның бейнесі табалдырықта төселгенінде еш әбестік жоқ деп дүрсе қойған көрінеді.

 «Осы аяққа Алтын адамның басын басқан сайын менің басымды басып, жүрегімді езіп жатқандай әсерде болады. Мен әкімшілерге бернеше рет ата-аналары да айтты, мен де өзім барып айттым, ескерту жасадым. «Алып тастауға болмайма? Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің нышаны. Бұл біздің еліміздің, елдігіміздің белгісі»,- деп. Бірақ, оған ешқандай жауап та болған жоқ»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Меңсұлу БИКЕНОВА.

1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» - Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылып, Тәуелсіздіктің нышаны іспетті. Ал, «Алтын адамның»  төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді. Бұған қатысты тарихшылар Мемлекетіміздің символы ретінде заңмен қорғауға алынған Елтаңба, Ту және Әнұранның қатарына «Алтын адамның» енгені де  құп болар еді деген пікірде. Ал, оны табан астында таптау - ұлттық символымызды қорлаумен тең дейді.¤

  «Бұл біздің қазақ халқын, Қазақстан халқын қорлаған болып есептелінеді. Себебі, бұл Алтын адам қазақ халқына тоналмай жеткен сақ бабаларымыздың жауһар жәдігерлерінің бірі де бірегейі болып есептелінеді. Бұл енді қазіргі таңдағы Қазақстанның бренді деп айтсақ та болады. Оның үстіне бұл Алтын адамның киіміндегі әшекей бұйымдардың көпшілігі біздің Елтаңбамызда бар. Бұндай адамды заң жүзінде өте қатаң жаза қолдануға болмас, бірақ жалпы осы туралы арнайы заң қабылдаған дұрыс қой деген ойдамын»,- деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, Ғани ОМАРОВ.