Алматыда шақалағы шетінеген әке әділдік іздеуде

15.02.2017 15:20

Әділдік іздеген - әке, барар жер басар тауы қалмаған - туған бауыр. Айы-күні жетіп отырған Катерина Гусакова кесар тілігі арқылы босануға портал бойынша Шымкенттен Алматыдағы акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығына жіберіледі. Алайда, белгісіз себептермен сау боп туылған бала шетінеп, анасы әлі күнге есін жия алмай жатыр. Ал, дәрігерлер өздеріне шаң жуытпай отыр.

Жүктілік бір қалыпты өткендіктен, Катеринаның жолдасы мен жақындары осылай сары уайымға салынып, сабылып жүреміз деп ойламапты.  Катерина кесар отасын жасатып, қаңтардың 10-ы күні сап-сау нәрестені дүниеге әкелген. Алайда, ананың өзі әлі күнге дейін ес-түссіз күйде жатыр. Айдың күні аманда аяқ асты сәбиінен айырылған Андрей, әйелінің де төсекке таңылып қалғанына қатты қынжылды.¤

«Мен осылай болады деп ойламадым. Өйткені, бізді осында жібергенге «бәрі жақсы болады, әрі кетсе 1 аптадай болып, келеді» деп едім. Бұл жағдайды естігенімде есеңгіреп қалдым. Мен үшін ауыр қаза, көптен күткен баламыз еді. Енді әйелімнің беті бері қараса деймін. Мұндай қайғыны бастан өткеру қиын екен»,- деді К. Гусакованың күйеуі, Андрей КОРОВИН. ¤

Катерина босанарда қасында сіңілісі Юлия да болыпты. Оның айтуынша, шақалақ 3 келі, 54 сантиметр болып аман-есен туған. Бірақ, әпкесін реанимациялық бөлмеден екі жарым сағатқа дейін шығармапты. Мұны қан тамырдың қағанақ суымен бітеліп, бронхтарының жиырылуынан жүрегі тоқтап қалуымен түсіндірген. ¤

«Маған Катяның қан тамыры қағанақ суымен бітеліп, бронхтарының жиырылуынан жүрегі тоқтап қалды деп түсіндірді. Содан кейін оны қайта тірілтіп алдық, яғни жүрегі соғып тұр деп айтты. Балалар бөлімінде жатқан нәрестенің аузында медициналық қолғаптың барын өз көзіммен көрдім. Оны көрген әкесінің «бұл не? Одан да емізік әкеліп берейік» деген сөзіне «емізіктің қажеті жоқ, ол осылай..жай..» деген түсініксіз жауап алдық. Кейін өзіміз, бала қатты жылағандықтан болар деп түсіндік»,- деді К. Гусакованың сіңілісі, Юлия ВОЛКОВА. ¤

Қайғыдан қан жұтқан Катеринаның жақындары Медеу ауданының прокуратурасына шағымданған. Прокуратура арызды «Медициналық және фармацептикалық қызметті бақылау  комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне» жіберген. Қазір «тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр» деген желеумен Катеринаны босандырған дәрігерлер қандай да бір түсінік бере алмады. ¤

«Бұл мәселе бойынша сот медициналық сараптама жүргізіліп жатыр және ішкі тәуелсіз сарапшылар жұмыс істеуде. Тексеру нәтижесінің қорытындысын алған жағдайда сіздерге толық ақпаратты беретін боламыз»,- деді Алматы қаласы Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының ресми өкілі, Алуа МЫРЗАХАНОВА.¤

Қазір Катеринаның туыстарының шарасыздықтан діңкесі құрып, жақынының тезірек аяққа тұруын тілеуде.¤

«Біз тек шындықты қалаймыз. Көмек сұрап бармаған жеріміз қалмады. Ешкім қол ұшын созар емес. Қанша уақыт, қанша жүйке...»,- деді К. Гусакованың сіңілісі, Юлия ВОЛКОВА. ¤

¤

Орталықтың ресми өкілінің айтуынша, сараптама шараларының нәтижесі алдағы 1-2 аптада дайын болады екен. Ал сәбидің денесі Шымкентке жеткізіліп, жер қойнына тапсырылды.

Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Теги: смерть