Асырап алған баланы өзіне қалдыру үшін туған анасымен соттасып жатқан Гүлжан Қилыбаеваға бейбіт келісімге келуге ұсыныс жасалды. Жағдайды реттеуге екі тарапқа бір апта уақыт берілді. Бұл туралы Алматылық қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«Егер бір апта аралығында екі тарап ортақ келісімге келсе, онда бұл азаматтық іс тоқтатылады. Келісімге келе алмаған жағдайда, сот заңға сәйкес шешім қабылдайды»,- деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің жетекшісі, Дияс МАХАМБЕТОВ.
Естеріңізге сала кетейік, ақпан айының басында Алматы қалалық сотының аппеляциялық коллегиясы Гүлжан Қилыбаеваны қамқорлықтан айыру ісін қарауды бастаған еді. Ол осыдан екі жыл бұрын №1 балалар үйінде тәрбиеленген баланың ресми қамқоршысы болған еді. Оның туған анасы одан бас тартқан. Бұл әрекетін төмен тұрмыстық жағдайымен байланысты деп түсіндірген. Алайда, баласын асырап алуға ниеттілер табылғанын естірткенде, оны қайтарып алуға бекінген. Сотта бұл істі жеңіп те алған. Ал баланы қамқорға алған отбасы қайта шағым түсіріп, бүлдіршінді өздеріне қалдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындығын айтқан.