Латвия инвесторлары Алматыдағы кәсіпорындарға қап-қап қаржы құюға дайын

07.04.2017 15:54

Осы тұста, Латвия инвесторлары да Алматыдағы кәсіпорындарға қап-қап қаржы құюға дайын. Өйткені, Қазақстан мен Латвияның авиа және логистика, тамақ өнеркәсібі мен көлік салаларында тығыз әріптестік қатынас орнатуға мүмкіндігі мол. Екі елдің кәсіпкерлері бизнес форумда кездесіп, жүзеге асыруға болатын жобаларды ашық алаңда талқылады. Қазір тек Алматының өзінде Қазақстан-Латвияның бірлескен 27 кәсіпорны мен Латвиялық инвесторлардың қаржысымен ашылған 52-мекеме жұмыс істеп тұр. Толығырақ тілші жалғастырсын.

"Алматы - инвестиция құюға тұрарлық қала". Мұндай пікірді Латвиялық кәсіпкерлер білдірді. Өйткені, Алматы - Латвия арасындағы тауар айналымы бір жылда 12,3 млн АҚШ долларын құраған. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов бұл қала үшін жоғары көрсеткіш деп отыр. Коммерциялық банктердің өкілдері мен қос елдің кәсіпкерлері жиналған форумда көптеген жобаларға жан бітері сөзсіз. Өз кезегінде, қала билігі оларға тамақ өнеркәсібін дамытуды ұсынды. Себебі, қала жылына 3 млрд АҚШ долларының азық-түлігін тұтынады. Оның 1 млрды импортқа тиесілі. Оның үстіне, Алатау ауданындағы индустриалды аймақтың құрылысы аяқталуға жақын. 490 гектарлы аумақта құны 190 млрд теңгені құрайтын 39 жоба сәтті жүзеге асқан. 

«Алматыда жаңа кәсіпорындар ашуға мүмкіндік бар. Инвестиция салғысы келетіндерге де барлық жағдай жасалған. Латвия мен Қазақстан арасындағы байланыстың орнатылғанына 15 жылдай уақыт болды. Екі ел арасында контейнерлі «Балтика-Транзит» поезды арқылы әртүрлі тауар тасымалданады. Бұл байланысты ары қарайда дамыту көзделіп отыр. Латвия елінің кәсіпкерлеріне «Қорғас - Шығыс қақпасы» деген экономикалық аймақтағы "құрғақ портты" көруді ұсынамын. Өйткені, бүгін жиналғандар логистика мен көлік саласында жұмыс істейтіндер»,- деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Ерлан ӘУКЕНОВ.

Қала әкімінің орынбасары шет елдік әріптестерге сауда-саттық пен қызмет саласына да назар аударуға шақырды. Өйткені, аталған саланың көрсеткіші - 30 млрд АҚШ доллар. Оған қоса, аумағы 163 гектарды құрайтын Алатау инновациялық паркінің 30 гектары бос тұр. Осыған дейін аталған жобаға Ресей, Оңтүстік Корея және басқа елдер 1,5 млрд теңге инвестиция құйған. Шетелдік кәсіпкерлер мұндай тартымды ұсыныстан бас тартпай, болашақта жоспарды нақтылауға уағдаласты. 

«Алматыда көптеген бағыттар бойынша бизнес ашуға мүмкіндік бар. Тек көлік саласы ғана емес, мұнда айти технология, туризм, тоқыма саласында да байланыс орнатуымыз керек. Екі ел арасында ешқандай кедергі жоқ. Бізді жалпы Қазақстан нарығы қызықтырады. Өйткені, екеу ара байланыс тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, географиялық жағынан да өте тиімді»,- деді Латвия Республикасы экономика министрлігінің кеңесшісі, Владимир САМОЙЛЕНКО.

«Біздің компания Қазақстанмен 2000-шы жылдан бері жақсы қарым-қатынаста. Әсіресе, Алматыдағы кәсіпорындарға құйылған инвестиция әрқашан өзін-өзі ақтайды. Сондықтан, 2 аптадан соң осында үлкен кәсіпорын ашамыз. Оның немен айналысатыны әзірге құпия. Алдын-ала есеп бойынша мекеме ең аз дегенде 10 млн евро табыс табады. Бұл жұмыстың нәтижелі болатынына сенемін»,- деді Кәсіпкер (Латвия), Мозга ЯНИС.

2016-шы жылы Қазақстан-Латвия арасындағы тауар айналымы 91 млн долларды құраған. Болашақта бұл көрсеткіш 500 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Айта кетейік, экономикалық салада екі ел тамақ өнеркәсібі мен фармацевтика, логистика және көлік саласын, сондай-ақ бірқатар басқа да салаларды дамытуды көздеп отыр. Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы