Балаңызды бақылаңыз! Әлеуметттік желілерде тарап кеткен өлімге итермелейтін «көк кит» ойыны көпті елеңдетіп отыр. Тіпті, ойын баласына бұйырған тапсырма орындалмаса, жақының құрбан болады деп қорқытады екен.
Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері елде кәмелетке толмағандар арасында суицид жасау фактісімен 20 жағдай тіркелген. Бұл былтырға қарағанда 42 пайызға өскендігін көрсетеді.
«Алматы қаласы бойынша «море китов» хештегі арқылы 2000-ға жуық 20 жасқа дейінгі азамат тіркелген. Аталған топтарда саналы түрде өзіне қол жұмсауға итермелейтін жүйе бары анықталды. Қазір бұл топтар бұғатталуда», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы прокуратура бөлімінің прокуроры Олжас НҰРҒАЗИЕВ.
Соңғы бірнеше күннің ішінде әлеуметтік желілерде жеткіншектерді өлімге итермелейтін «Көгілдір кит» ойыны белең алып кетті. Жастарды ойын ойнау үшін арнайы топқа жазылуға шақырып, түбі өмірмен қоштасуға дейін жеткізеді. Ойын шарты бойынша 50 күнде 50 түрлі тапсырма орындауы керек. Егер бұйырғанды бұлжытпай орындамаса, «жақын туыстарынан айырылу» қаупі төнеді. Қызығы, ойынды ойлап табушылар шақырылған әрбір адам туралы керекті ақпаратты біледі. Бұл оларға енді ғана бой түзеп келе жатқан жасөспірімді қорқытып, психологиялық қысым жасауға мүмкіндік жасайды.
«Алдын алуға болады. Сол жасөспірімдердің отбасында не болып жатыр, әке-шешесімен қарым-қатынасы қалай болып жатыр? Алдын ала көзді жұма сала айтуға болады, сол «көгілдір кит» деген ойынға қатысқан жасөспірімдердің ата-аналарымен ортақ тіл табуы жоқтың қасы. Ол ойынға жібермеу үшін бүгін не істеу керек? Бүгін баланың жанын сақтап қалу керек, ол үшін баламен ашық әңгіме жүргізу керек», - деді психолог Анна ҚҰДИЯРОВА.
Былтыр Алматы бойынша «Дағдарыстық орталықтар одағына» суицид мәселелері жөнінде 150 қоңырау келіп түскен. Ал соңғы екі аптада «өлім ойынына» еліккен мектеп жасындағы жеткіншектердің ата-аналары орталыққа хабарласып көмек сұрапты.
«Ата-аналардан бөлек, аталған ойынды ойнаған балалар да жүгінді. Олар ойынның келесі сатысына өту үшін тиісті әрекеттерді жасауға қорқатынын айтып, шарасыздықтан 15-тей бала хабарласты. Біз оларға бұл жай ғана ойын екенін түсіндіріп, тез арада ата-анасына айтуға кеңес бердік», - деді «Қазақстан дағдарыстық орталықтар одағының» төрайымы Зульфия БАЙСАКОВА.
«Көгілдір кит» деп аталатын «өлім ойыны» Ресейлік әлеуметтік желілерде кеңінен тараған еді. Артынша Қазақстан мен Қырғызстанда да жастар арасында аталмыш ойынға қызығушылық артқан. Қазір елде суицидты дәріптейтін желідегі топтарды бақылау жұмыстары жүргізілуде.
«Әлеуметтік желілер шетелде орналасқандықтан дәл қазір, біздің тарапымыздан, бұл топтарға кіруді бұғаттау шаралары жүргізіліп жатыр. Алдын алу шараларына орай ата-аналарды балаларының виртуалды өмірін қатаң түрде бақылауға шақырамыз. Сондай-ақ күдікті деректер болса, тез арада полицияға хабарласуы керек», - деді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Алмас САДУБАЕВ.
Қазір Шығыс Қазақстан облысы мен Қарағанды қаласында ойынның құрбаны болған үш қыз тіркелгені белгілі. Арнайы мамандар ата-аналарға жаныңыздағы балаңызға бақылау жасап, ашық сөйлесуге кеңес беруде.
Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы