Бүгін рейдке шыққан алматылық экологтар қоқысқа қақалған арық пен қобырсыған аулаларды көріп, жағаларын ұстады. Өйткені, ПИК басшылары мен тазалыққа жауапты мекемеге бірнеше рет айыппұл салынса да, еш әрекет қабылдамаған. Табиғат жанашырлары айтқан сөзге құлақ аспағандарға қайтадан жаза қолдануға мәжбүр болды. Енді шашылған аумақты жинамайынша, қадағалауды тоқтатпаймыз деп отыр.
Экологтар кезекті тексерісті Юрий Ким мен Саин көшелерінің қиылысынан бастады. Аяқ аттап үлгерместен, аузы мұрнына дейін тұрмыстық қалдыққа толған арық бірден көзге түсті. Ұзақ уақыттан бері жиналмаған суағарды тазалыққа жауапты мекеме жинауға міндетті екен. Тек ісіне салғырт қарайтын компанияның өкілі арықты 1 айда бір рет жинаймыз деді. Айтуынша, кесте бойынша істейтін жұмысшы жетіспейді. Мекемеге 96 мың 200 теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Бұл жерді бір ай бұрын жинадық. Негізі, мұнда автотұрақ бар. Сондықтан жүргізушілермен қоса, тұрғындар да қоқыстарын жол-жөнекей ішіне тастап кетеді. Қазір төмендегі аумақтарды тазалап келе жатырмыз. Жақын күндері тазалаймыз деп ойлаймын. Жазып берген айыппұлды төлеймін», – деді мердігер мекеменің өкілі Азамат МӘДЕНОВ.
Ал мына қоқыс ағаштарды санитарлық кесуден кейін қалған. Белгілі болғандай, ауланың тазалығына шекара бойынша қос пәтер иелері кооперативі жауапты. Сөздерінше, қоқысты жинап үлгермеген. Экологтар осыған дейін «Дом» деп аталатын ПИК-ке шамамен, 300 мың теңге айыппұл салған. Алайда, ешқандай шаруа жасалмаған. Тек аула сыпырушы жетіспейді деген сылтаумен шектелді. Қатаң ескерту алған төрайым шыдай алмай кетсе керек, аумақтың шаңын бұрқыратып, түстің уақытында өзі тазалауға кірісті.
Сондай-ақ, ауланы тазаламай, жасыл желекті уақытылы қырықпағаны үшін көрші тұрған «Луч» пәтер иелері кооперативі де жазаланды. 72 мың теңге айыппұл салынған төрайым ағыл-тегіл жылап жіберді.
Ал мамандар тазалыққа жүрдім-бардым қарайтындарға қатаң жаза қолданылады деп отыр.
«Кейбір КСК-лардың өзіндегі бар-жоғы, 3-4 ғана адам жетпей жатады. Үйлерді өздері көп алып алған. Тағайындаған адамдары жетпейді. Сондықтан бұл олардың өздеріне байланысты. Айыппұл салғаннан кейін де осылай қалдырмаймыз. Аулаларға күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.
Жалпы, жыл басынан бастап Әкімшілік кодекстің 505, 386-баптарына сәйкес, екі мыңға жуық ескерту жасалған. Оған қоса, сомасы 56 миллион теңгеден асатын 904 айыппұл салынған.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы