Болашақ бүгіннен басталады. Алматы қалалық прокуратурасы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын тегін спорт секцияларына орналастырып жатыр. Жаңа жоба әзірге Жетісу ауданында қолға алынған. Егер нәтижелі болса өзге аудандарға да енгізілмек. Қазірдің өзінде 30 бала спорт үйірмелеріне баруды бастап кеткен.
Тапқан айлығы шайлығынан артылмайтын, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары бұдан былай сабақтан тыс уақыттарын жаттығу залдарында өткізеді. Олар қалалық прокуратураның бастамасымен қолға алынған жоба бойынша спортпен тегін шұғылдануға мүмкіндік алды. Жоба әзірге тек Жетісу ауданында іске асуда. Аталмыш ауданның кәсіпкерлері жаттығу залдарын отбасылық жағдайы төмен 30 балаға дайындалуға беріпті. Ал, жомарттық танытқан тағы бір іскер жасөспірімдерді спорттық киімдер мен басқа да керек жарақтармен қамтамасыз етпек.
«Балалар іріктелді. Яғни мұқтаж отбасылардың ішінен, соның ішінде спортқа икемі бар, спортқа қызығушылығы бар, спортқа қатысудан бір нәтиже шығара алатын балаларды ата-аналардың ұсынысымен, мектеп директорларының, мұғалімдерінің таңдауымен іріктеліп қатысып отыр», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының прокуроры Нариман БЕКНАЗАРОВ.
Болашағын спортпен байланыстырып, жарқын жетістіктерге жеткісі келетін балалар үшін әзірге 3 жаттығу залы жұмыс жасайды. Аудандық прокуратура өкілдері алдағы уақытта қосымша жаттығу залын қосып, оған 10 баланы қабылдауға ниетті. Жеткіншектер мұнда бокс, тай бокс және ережесіз жекпе-жектен шынығады. Игі бастағаны Олимпиада жүлдегерлері де қуана қолдады.
«Осындай залдардан болашақта чемпиондар шығады. Шыны керек ол тарихта да бар нәрсе. Енді осы спорт залдан, осы жаттығу залынан да болашақта чемпиондар шығады деген сенімдеміз. Барлық осында болған қонақтар, істі бастап жатқан адамдар да соған сенімді деп ойлаймын. Себебі, оларда сенім артып отыр», - деді Олимпиада чемпионы Данияр ЕЛЕУСІНОВ.
Даңқты былғары қолғап шебері болуды армандап, алайда кәсіби деңгейде жаттығуға мүмкіндігі болмаған жасөспірімдердің қатарында 11 жасар Әділжан да бар. Ол енді сабақтан тыс уақытта жаттығу залында барын салып еңбектенбек.
«Үйде қолғап болды, мен соны алдым да көшедегі балалармен төбелестім. Сосын үйге груша алып келді, сонымен төбелестім. Солай дайындалып жүрдім, енді боксқа келдім. Мен Геннадий Головкин сияқты боксер болғым келеді, ол үшін жақсы үйрену керек, білім алу керек», - деді Әділжан БАЗАРХАН.
Жасөспірімдердің спорттан жоғары жетістіктерге жетуге ықпалын тигізетін жоба қазір тек Жетісу ауданында қолға алынғанымен, жемісті болса алдағы уақытта қаланың барлық аудандарында жүзеге аспақ.
Қазірдің өзінде залда жаттығу өте қызу өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, балалар аптасына мұнда 3 реттен бос уақыттарын өткізіп, яғни шынығатын болады. Олар ең кемі 1 сағаттан дайындалады.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы