Отандық ғалымдар қатерлі ісік ауруын емдейтін дәрі ойлап тапты

Отандық ғалымдар қатерлі ісік ауруын емдейтін дәрі ойлап тапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық ғалымдар қатерлі ісік ауруын емдейтін дәрі ойлап тапты. Осы уақытқа дейін талай сынақтан да өткен. Бірақ Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мамандардың бұл өніміне қызығушулық танытпай отыр. Бұдан бөлек, тері ауруларын емдеуге арналған тағы бір препараттың өндірісі тоқтап қалды.

Тері ауруларын емдеуге арналған дәрі 2010 жылға дейін елімізде өндіріліп, дәріханаларда саудаланыпты. Оған сұраныс Қазақстанда ғана емес, шетелдіктер тарапынан да жоғары болған. Ғалымдардың сөзінше, бұл жақпамай әлем бойынша ересектермен қатар, балалардың қолдануына рұқсат етілген жалғыз препарат. Алайда 6 жылдан бері оның өндірісі тоқтап қалған.

«Бұл жақпамай асқынған тері ауруларын емдей алады. Оған қоса, бағасы да өзге дәрілермен салыстырғанда арзан. Ал, сапасы жағынан басқалардан аспаса, кем түспейді. Препарат әлем елдерінің жетекші 11 клиникасында тексеріліп, мақұлданған. Дәріні псориаз, ұшық, қышыма ауруларын емдеуге пайдалануға болады», - деді химия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ профессоры Раиса МУЗЫЧКИНА.

Тері ауруларын емдеуге арналған препараттан бөлек, алматылық ғалымдар қатерлі ісік ауруын емдеуге мүмкіндік беретін дәрі-дәрмек ойлап тапқан. Жаңа дәрінің ракты 3 кезеңде де емдеуде тиімділігі жоғары. Оны химия ғылымдарының докторы Дмитрий Корулькин 1986 жылы өзге ғалымдармен бірлесе жасап шығарған. Содан бері отандық дәрі талай мәрте сынақтан өткен. Алдымен, жан-жануарларға тексерілген дәріге кейін клиникалық зерттеулер жасалған. Тек қана Қазақстанда өсетін өсімдіктерден жасалатын бұл дәріге Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрілігі қызығушылық танытпай отыр дейді мамандар.

«Біз Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрілігіне талай хат жолдадық. Алайда олар осы күнге дейін жауап қатпады. Қазіргі таңда екі мәселені шешу керек. Алдымен препаратты тіркеу керек. Оған қоса, оны өндіру сапасын бағалау қажет. Міндетті сараптамалық рәсімдері де бар», - деді химия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ профессоры Дмитрий КОРУЛЬКИН.

Қазіргі таңда елімізде қазақстандық ұлттық дәрілік формулярда қатерлі ісік ауруын емдеуге арналған 82 дәрі тіркелген. Олардың арасында шетелдік және отандық өндірушілер шығарған препаттары бар.

«Қатерлі ісікке арналған дәріні шығару үшін әлемнің ғалымдары тер төгуде. Бірақ осы уақытқа дейін Нобель сыйлығын ешкім алған жоқ. Отандық ғалым жуырда өсімдіктен дәрі шығарды. Жуырда оны тексеретін боламыз», - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра ҚАЙДАРОВА.

Елімізде қатерлі ісік ауруына жыл сайын 36 мың адам шалдығады. Бүгінде ракты алғашқы сатыларда анықтау көрсеткіші жоғарылаған. Соның арқасында аты жаман дерттен қайтыс болатындар 15 пайызға кеміген.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров