Ел арасында "Жеті қазынаның бірі" деп ерекше әспеттелетін иттер биыл да адамға айнымас серік екенін дәлелдей түскендей. Республикалық жедел-құтқару қызметінің кинология бөлімінде тәрбиеленетін төбеттер 20-дан астам құтқару операциясына қатысқан. Тіпті тауда адасып кеткен студенттерді тапқан Чарли есімді ит, биыл жұрт есінде ерекше қалды.
Чарли атты лабрадор құтқару қызметіне алына сала өзінің өжеттігімен көзге түсіпті. Көктемде төрт аяқты мақұлық тау арасында адасып кеткен қыздарды құтқарып қалған. Алматы маңындағы Бутаковка шатқалына шыққан үш студент қапыда жолдан адасып, таудың құзар биігіне дейін көтеріле беріпті. Жедел арада құтқару қызметіне қоңырау шалынып, бірнеше сағаттық барлаудан кейін қар астында қалған серуендеушілерді Чарли іздеп тауыпты.
«Біз топқа бөлініп, айналаны шолып шықтық. Мен итпен бірге тау қыраттарын аралап, жануарды іздестіруге босатып жібердім. Ол бір белгі тапқандай болды. Қарасақ, қар үстінде адамдардың іздерін көріп, дауыстап шақырдық. Адасқан қыздар дауысымызға үн қатып, оларды аман-есен тауып алдық»,-деді «Республикалық жедел-құтқару жасағы» ММ құтқарушысы-кинологы, Дмитрий ДЕНИСОВ.
Ал ойынды жаны сүйетін мына төбет биыл бірнеше жарыстың жеңімпазы атанған. Бельгиялық овчарканың күнделікті тамағы, оның серуені мен бағып-баптауы кинолог Әділетке жүктелген. Қазір оның қарамағында 2-3 ит бар. Соның ішінде құтқарушы, Чижик есімді досын ерекше жақын тартады.
Бұл иттің есімі - Чижик. Оның жасы 7 жарым жаста. Малинуа тұқымына жататын қызметтік иттердің арасында бұндай төбеттер әлемдегі ең жылдам, әрі төзімді жануар саналады және олар күн, түн демеу, ыстық пен суыққа қарамай қызмет ете береді. Жалпы, бұл Чижик осы құтқару қызметінде екі айлығынан бастап тәрбиеленіп келеді. Содан бері талай операцияларға қатысып, адамдарды құтқарып үлгерген.
Жалпы, қызметтік иттер мен оның кинологтары төтенше жағдайлдарға әркез дайын болуы тиіс. Осы қасиеттерді анықтап, жетілдіріп отыру мақсатында жыл сайын кинологтар арнайы аттестациядан өтіп отырады. Сынақтан сүрінгендерге қайта тапсыруға уақыт беріледі. Егер одан еш нәтиже болмаса, ит қызметке жарамсыз саналады, әрі оны баптаған кинологқа да бұл үлкен сын болады.
«Адамға деген сенімді болуы керек. Адамнан қорықпауы керек, адамды қорқытпауы керек. Сондықтан, ең бірінші барған кезде күшікті таңдаймыз. Лабрадор пародасы тамаққа жақын, малинуа болса ойынға жақын. Психология жағынан тексеріп содан кейін барып аламыз»,-деді «Республикалық жедел-құтқару жасағы» ММ құтқарушысы-кинологы, Әділет ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.
Қазір еліміздің жедел-құтқару жасағында 8 кинолог пен 10 ит бар. Жыл басынан бері құтқарушылар иттердің көмегімен 20-дан астам құтқару шараларына қатысқан. Мұнда машықтанатын иттер асылтұқымды келеді және олардың ақылдылығы адамды қайран қалдырады.
Назкен Байтілес, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы