Марқұм Шалқар Үркімбаевтың отбасы театрға тиесілі баспанада қала беретін болды

12.04.2017 14:25

Акем театр сотта жеңіліп қалды. Ал өнер ордасының бұрынғы актеры, марқұм Шалқар Үркімбаевтың отбасы театрға тиесілі баспанада қала беретін болды. Осыдан бес жыл бұрын жұмыс кезінде қайтыс болған  актердың отбасын жатақханадан шығару туралы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының басшылары сотқа шағым түсірген еді. Былтыр басталған дауға нүкте қойылды.

Бұл кәмелеттік жасқа толмаған төрт баланың анасы, марқұм Шалқар Үркімбаевтың жесіріне қатысты өтіп жатқан үшінші сот отырысы. Мамандандырылған ауданаралық  сотқа театрдың заңгері, балаларды қамқорлыққа алу бөлімінің өкілі, марқұмның жесірі Оксана, оның заңгерімен қоса көршілері де келіпті. 2008 жылы театр басшысы  бір бөлмелі баспананы Үркімбаевтың  жанұясына берген. Алайда театрдың жаңа директоры марқұмның балаларынан жатақхананы босатуды талап етіп сотқа арыз  берген еді. 11 мен 1,5 жас аралығындағы төрт баланы анасымен бірге жатақханадан қууға себеп мынау болған. 

«Қазіргі пәтерде тұрып жатқан адам коммуналдық қызметтің ақшасын бір жылдан астам уақыт төлемеген. 63 мың  285 теңге қарыз. Баспананың иесі театр  болғандықтан жарық беретін мекемеге біз жауап береміз.Сондықтан, біздің пайдамызға шешіп беруіңізді сұраймыз»,- деді М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының заңгері, Ілияс ҚҰСАЙНОВ. 

Акем театрдың директоры 13 шаршы метр жатақханадан асыраушысыз қалған бес адамды шығарып, орнына театрдың қазіргі қызметкерлерін тұрғызбақ болған. Сотта  театрдың емес, пәтер иелері кооперативі мен жарық беретін мекемелердің өкіліндей  сөйлеген театр заңгерінің талабын судья қанағаттандырмады.  

«Әуезов атындағы академиялық драма театры мемлекеттік коммуналдық мекемесінің Үркімбаева Оксана Юриқызын театрға тиесілі баспанадан шығару туралы арыз-шағымын сот қанағатсыз қалдырады.Келіспеген тарап бір айдың ішінде қалалық сотқа нөмірі екінші ауданаралық соттың үкімі арқылы шағымдана алады. Соттың шешімі туралы көшірмені 14 сәуірде ала аласыздар»,- деді №2 Алмалы аудандық сотының судьясы, Айнұр БЕЙСЕУОВА. 

Балаларды жақтап сотқа келген заңгердің айтуынша,  жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы  келісім шарт күшін жойғанда баспана мәселесі де бірден шешілу керек болған. Бірақ, арада одан бері  төрт жылдың өтіп кетуі, әрі  актердың  жұмыс кезінде қайтыс болуы  балалардың жатақханада қала беруіне негіз бола алады.

«2008 жылдан бастап тұрып жатырмыз ғой. Жұмыс барысымен берілген еді. Енді өкінішке орай 2012 жылы Шалқардан ерте айырылып қалдық. 2016 жылдан бастап бізді қудалауда. Міне үшінші сот отырысы  өтті. Ауданның судьясы бізді қолдап шешім шығарып берді. Қазақстан заңына сүйеніп бізді қолдаған азаматтардың барына рахмет»,- деді Көп балалы ана, Оксана ҮРКІМБАЕВА. 

Жалпы, Жамбыл мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы бұл жатақхана әу баста театрға тиесілі болғанмен, бөлмелердің көбі жекеленіп кеткен. Бірақ, Үркімбаевтар отбасы болса кезінде үй кезегіне тұрып, пәтер аламыз деген үмітпен жекешелендіруге асықпаған. Қазір Оксана үй кезегінде үш мың адамнан кейін тұр. Ал сотта жеңіп шыққан марқұмның жесірі алдағы  уақытта жатақхананы жекешелендіру  жағын қолға алмақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы