Алматыда егіз балаларын өлтірген ата-анаға сот үкімі шықты

Алматыда егіз балаларын өлтірген ата-анаға сот үкімі шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бала өліміне қатысты аты шулы іске нүкте қойылды. Бүгін егіз ұлдарын айуандықпен өлтіріп, мәйітін тоңазытқышқа тыққан қаскөй ата-анаға сот үкім кесті. Енді, туған сәбилерін өз қолымен тұншықтырған қатыгез әке 20 жыл түрмеде отырады. Ал, балалардың өліміне қатысым жоқ деп ақталған ана - 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бауыр еті балаларын күйеуі тұншықтырып жатқанда, оларды құтқарудың орнына қылмысқа өзі араласқан Алла Волченко соңғы сөзін айтты. Соттың алғашқы отырысында «егіздерді әкесі өлтіріп жатқанын білдім» деп, кейін жауабынан тайқып шыққан әйел ескі әдетіне басты. Ол соңғы сөзінде де күйеуінің арам пиғылынан бейхабар болғанын қайталады. Әрі, бүлдіршіндерді шексіз жақсы көргенін айтып, тұңғышына ата-ана құқығынан айырмауын өтінді.

«Тұңғышым Равиль менің жалғызым. Сондықтан, оған ата-ана құқығынан айырмауыңызды сұраймын. Онсыз да екі ұлымнан айырылдым. Бұл мен үшін орны толмас қаза. Балаларымды қатты жақсы көрдім, солар үшін жұмыстан үйге асығатынмын. Болған жайттан әлі күнге өз-өзіме келе алар емеспін. Менің бар кінәм дер кезінде дабыл қақпағаным, сол үшін бәрінен кешірім сұраймын», - деді сотталушы Анна ВОЛЧЕНКО.

Ауыр қазаға қабырғасы қайысқанын қанша айтқанмен, сот Алла Волченконы кінәлі деп тауып 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оған 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ал, өзбекстандық күйеуі Эмиль Гильмутдиновты 20 жылға соттады. Екеуі жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда өтейді.

«Екеуіне ішкіліктен мәжбүрлі түрде ем тағайындалсын. Ал, 2015 жылы туған тұңғыш ұлдарын Алматы қаласы әкімдігі қарамағындағы қорғаншылық және қамқоршылық мекемеге беру туралы шешім қабылданды», - деді  Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан БОЛАТОВ.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Алла Волченконы 19 жылға соттап, Эмиль Гильмутдиновты өмір бақи бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Алайда, сот олардың жазасын жеңілдетуді ұйғарыпты. Еске сала кетсек, сотталған ерлі-зайыпты осы күзде егіз ұлдарын өлтіріп, мәйітін тоңазытқышқа тығып кеткен болатын. Ал, тұңғыш ұлдарын қалада қараусыз қалдырған еді. Абырой болғанда қаңғырып жүрген бүлдіршінді полицейлер дер кезінде тауып, балалар үйіне өткізген.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров