Алматылықтар зообақтағы керік төліне өздері ат қоя алады

Алматылықтар зообақтағы керік төліне өздері ат қоя алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы зообағы жаңа жануарлармен толықты. 80 жылдық тарихы бар хайуанаттар бағында биыл алғаш рет қоқиқаз балапан басқан. Сонымен қатар, айдарлы құмай мен керіктердің де саны артты. Қазір балапандар қанатын қомдап үлгерсе, тұяқтылары аяғынан нық тұрған. Ал жануарлардың өздерін жайлы сезінуі үшін 11 вольер қайта жөндеуден өтіп жатыр.

Бір жарым ай бұрын дүние есігін ашқан сарыауыз балапан «Фима» қазір қанатын қатайтып, жиі-жиі серуенге шығып жүр. Бұл зообақ тарихындағы жылусүйгіш қоқиқаздың алғаш рет балапан басуы дейді мамандар. Жалпы, Хайуанаттар бағына олар 2003 жылы әкелінген екен. Бірақ содан бері саны көбеймепті. Халық арасында «жалын құс» атанып кеткен қоқиқаздың балапаны қазір зоотехниктің жанынан бір елі қалмайды. Оған мамандар ұлу қалбыршағын, балық пен көкөністерді үш уақыт езіп береді. Енді аяғы қатаю үшін 2 аптадан соң топқа да қоспақ.

Сондай-ақ, биыл айдарлы құмай да балапан басыпты. Салмағы өскенде 10 келіге дейін жететін жыртқыш құсқа зообақ қызметкерлері «Әлия» деген есім берген. Екі айлық құс қазір егеуқұйрық, қоян және сиыр еттерімен қоректенеді.  

«Құстардың жұмыртқасын сақтап, балапанын аман-есен шығару үшін бізде инкубатор бар. Мәселен, айдарлы құмай балапанының аталығы мен аналығы зообақта туған. Яғни, еркіндікте тумағандықтан, балапанды жөнді баспайды. Қызметкерлер осы кезде араласамыз. Қазір бізде қоқиқаздар 4 ұяны өздері жасады», – дейді Алматы хайуанаттар бағы Құстар бөлімінің зоотехник маманы Елена ПОТАПЕНКО.

Бұл – Алматы зообағында туған керіктің осымен 14-ші төлі. Аяғынан нық тұрып, анасымен бірге серуендеуге шығып жүрген төлдің есімі әлі қойылмапты. Хайуанаттар бағының қызметкерлері оны алматылықтармен бірге ақылдасып атауды жөн деп шешкен. Өзіңіз қалаған есімді зообақтың әлеуметтік желідегі парақшасында қалдыра аласыз. Жаңа туған төлдің бойы – 1 метр 70 сантиметр, салмағы – 70 келі.  

«Жынысы еркек. Оның аты әлі белгісіз. Оған атты Алматы және Қазақстан тұрғындарының дауыс беруі арқылы қоямыз. Біз оны аздап үйренісіп, аяғынан тұрғанша өзге керіктерден 40 күн бөлектеп ұстаймыз. Кейіннен бәрі бірге жүретін болады», – деді Алматы хайуанаттар бағы Аша тұяқтылар бөлімінің зоотехник маманы Ерлан КЕҢЕСБЕК.

Енді келушілер суық түскеніне қарамастан, пілді де, бегемотты да, маймылды да, тіпті экзотариумдағы жануарларды да көре алады. Өйткені, қазір Қала күні қарсаңында хайуанаттар қыстайтын орындар қайта жасалып жатыр. Есте болса, оған дейін келушілерге арналған ондай жабық нысандар болмаған еді. Сондай-ақ, зообақ басшылығы жануарларды темір тордан алшақтап, барынша еркіндікте жүретіндей әйнек орнатпақ. Жануарларды бақылау әйнек арқылы қызықты бола түспек.

«Жоспарлағанымыздың жүзеге асуына аз уақыт қалды. Аюлар, қасқырлар, барыстар еркіндікте жүргендей етіп жағдай жасаймыз. Бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жануарлардың қыстайтын орындарын қайта жасап, келушілерді суық мезгілде көре алатындай етеміз. Бетін заманауи үлгіде, яғни әйнекпен жабамыз», – деді Алматы хайуанаттар бағы директорының міндетін атқарушы Айгүл ТӨЛЕЕВА.

Хайуанаттар бағында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бітіуіне аз уақыт қалды дейді басшылық. Бұдан былай, келушілер жануарларды қыста да көре алатын болады.  


Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров