Алматыда әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын отбасыларға 32 млн теңге бөлінді

20.02.2018 02:00

Алматыда әлеуметтік әлсіз топқа енген отбасыларға коммуналдық тұрғын үй көмегі беріледі. Бұл коммуналдық шығын жанұя табысының он пайызынан асқан жағдайда ғана жасалады.  Осы мақсатта қалада биыл 32 миллион теңге бөлінді. Өткен айда мұндай қолдауға қаладағы 1632 отбасы ие болған.

Тыл ардагері Анна Филиппова тұрғын үй көмегін алып жүргендердің бірі. Жалғызбасты әжей үшін мұндай көмектің орны ерекше. 83 жастағы кейуана 62 мың теңге зейнетақы алады. Алайда азық-түлік пен дәрі-дәрмекті есептегенде оны жеткізу қиын, дейді. Ай сайын ақшаны алған бойда оны жоспарлауға кіріседі.

«Зейнетақы алған кезде бірден шығынды есептеп аламын. Оны жоспарлап қоймасаң, ақшаны жеткізе алмайсың. Жазда 6 мың теңге көлемінде шығады коммуналдық төлем. Ал қыста, әрине, оның мөлшері ұлғаяды. Өткен айда 16 530 теңге болса, осы айда 15 156 теңге шықты. Тұрғын үй көмегі мен секілді жандар үшін таптырмас көмек», - деді Анна ФИЛИППОВА.

Қалада қаңтар айында 1600-ден аса отбасыға тұрғын үй көмегі көрсетілген. Ол үшін 9 миллион теңге қарастырылыпты. Мұндай қолдауға ие болу үшін тұрмысы төмен отбасылар халыққа қызмет көрсету орталығына барып, куәлік көшірмесін мекен-жайы мен жұмыс орны жөнінде анықтама өткізуі тиіс. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтерге төленген түбіртектерді көрсетуі қажет. Тұрғын үй көмегі коммуналдық қызметтерге кететін шығын отбасы табысының он пайызынан асқан жағдайда беріледі.

«Тұрғын үй көмегі осы жалпы үйді ұстауға коммуалдық төлемі отбасы табысы 10 пайыздан асқан жағдайда тағайындалады. Көмектің мөлшері жалпы отбасы табысы мен коммуналдық қызметтер арасындағы айырмашылық ретінде анықталады. Қазіргі кезде тарифтің өсуіне байланысты, тариф өскен жағдайда тұрғын үй көмегінің көлемі ұлғаяды десе болады», - деді  Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Рүстем ИСМАИЛОВ.

Өткен жылы Алматыда тұрғын үй көмегімен 2000 отбасы қамтылған. Ал былтыр ол үшін 32 миллион теңге бөлініпті.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеанасы