Алматылықтардың жылуға артық төлеген ақылары кері қайтарылады. Қайта есептеу кезінде 205 млн теңгеге жуық қаржы абоненттерге үлестірілетін болды. Бұл соманы үйлерінде ортақ есептеу құрылғысы жоқтар өзара бөлісіп алады. Тұрғындар өз қаражаттарын қалай және қайдан ала алады және қаланың алдағы жылыту маусымына дайындығы қандай? Тақырыпты тілші Жадыра Омаржан жалғастырады.
Алматыда өткен жылыту маусымында жылу шығыны болжамды мөлшерінен едәуір аз болыпты. Өйткені, ауа температурасы жылы болған. Осыған байланысты, қалада қайта есептеу жүргізілуде. Бұл «Табиғи монополиялар» заңына сәйкес жыл сайын жүзеге асады. 205 млн теңгеге жуық қаржыны 118 мың тұрғын алатын болады. Бұл үйлерінде арнайы есептеу құрылғысы жоқ тұтынушыларға ғана үлестіріледі.
«Қайта есептеу биыл ауа райының жылы болуына байланысты жүргізіліп отыр. Тұтынушылармен қайта есеп айырысуды бастадық. Бірақ бұл ақы халыққа ақы қолма-қол беріледі деген сөз емес. Артық төленген сомма алдағы төлем кезінде шегеріліп, алынып тасталады. Жылда халықтан артық жиналған ақыны қайтарып келеміз»,- деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС бас директордың орынбасары, Алмапыс ЖҮСІПОВ.
Бүгінгі таңда қаладағы тұрғын үйлерде 5 мыңнан аса ортақ есептеу құрылғысы бар. Соның арқасында, жылу энергиясы 30 пайызға үнемделіп жатқан көрінеді. Енді жаппай есептеу құрылғысын орнату жұмысы ары қарай да жалғаса бермек. Жақын арада жылуға жауапты мамандар Алматыдағы көп қабатты тұрғын үйлердің барлығы құрылғымен қамтуды көздейді.
«Пломбаны сындыру, ортақ жүйенің жоқтығы. Осының барлығы қайта есептеуге алып келеді. Абоненттерден түсетін шағымды азайтып, қызметті сапалы көрсету үшін есептеу құрылғыны барлығы орнатуы керек. Және айына 5500 теңгеге техникалық қолдауды да жүзеге асырып бере аламыз. Сол кезде ғана қайта есептеуден құтыламыз»,- деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы, Ерболат АМАНҒАЛИЕВ.
Алдағы жылыту маусымына дайындық көңіл көншітпейді. Белгіленген кестеден 500-ге жуық үй артта қалып келеді. Жылуға жауаптылар бұны жауапсыз пәтер иелері кооперативтерінің тірлігі деп отыр. Көп қабатты үйлерді тексерген олар жылу берілетін құбырлардың ескіргеніне көз жеткізіп келген. Онымен қоса, қала бойынша 180 үйді ешкім де қысқа дайындап жатқан жоқ екен. Бұл өйткені ескі екі қабатты, оның үстіне пәтер иелері кооперативтері жоқ үйлер. Алматы әкімінің орынбасары түйткілдерді қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
¤Пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері айтылған сынға жауап берді. Көбісі қолдарының қысқа, мүмкіндіктері жоқ екендіктерін айтып, қысқа дайындаудан кешігіп жатыр.
Жиналыста айтылған мәселелердің барлығының оң шешім табуына мүмкіндік бар. Биыл Алматыда жылу маусымына балабақшалар, мектептер мен жоғарғы оқу орындары сақадай сай болып шықты. Олардың дайындығы 80 пайыз.
Жадыра Омаржан, Мадина Үйсімбаева, Мұрат Тайжан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы