Алматыда 10 мың көлікке арналған тұрақ салыну жоспарлануда

08.11.2017 22:36

Алматыда жыл соңына дейін тағы 700-ге жуық көліккке арналған ақылытұрақ салынбақ. Былтырдың өзінде қала қазынасына автотұрақтан 230 миллион тенге түсіпті. Бастамашылар жүргізушілердің ыңғайлылығы үшін төлемдердің бірнеше түрін де қарастырған. 

Алматыда ақылы автотұрақ орнағалы көшеде кептеліс сейіліп, көліктердің жүруі оңтайланып қалған. Осы күні мамандар Сейфуллин, Райымбек даңғылдары мен Абай және Қалдаяқов көшесінде жаңа ақылы тұрақтар салып жатыр. Мұндай жаңашылдыққа жүргізушілердің пікірлері әртүрлі.

«Көп көлік жүргізушілері паркоматтың алыс орнатылғанын айтады. Іздеуге біраз уақыт кетеді. Тауып барғанның өзінде, ұзын сонар кезекте тұрасың. Паркоматқа апаратын белгілер салып қойса дұрыс болатын сияқты. Менің ойымша, мобильді қосымша арқылы төлем жасаған өте ыңғайлы. Паркомат іздеп сабылмайсың», - деді Тәуелсіз автокөлік Одағының төрағасы Эдуард ЭДОКОВ.

Мамандардың сөзінше, мұндай жаңашылдық Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сай келеді. Еуропа елдерінде тұрақтың бағасы біздікінен 4 есе қымбат екен. Ал, паркоматтары 4 тілде жұмыс істейді.

«Өкінішке орай, паркоматтарды біз жиі қоюға ондай мүмкіншіліктер болмайды. Негізі біз мына шет мемлекеттерге қарайтын болсақ. 120 машинаға 1 паркомат. Ресей Москваны қарайтын болсақ 90 орынға 1 паркомат. Мысалы, біз кезінде көк базардың көлемінде ісімізді бастағанда 30 орынға бір паркомат қоюшы едік. Қазіргі таңда 55-60 орынға 1 паркомат қойып жатырмыз», - деді «Алматыспецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры Марат ПІРІНБЕКОВ. 

Мұнда төлемнің 3 түрі қарастырылған. Алғашқысы поркамат арқылы, екіншісі мобильдік қосымшамен және СМС жіберу арқылы да төлем жасауға болады. Яғни, 7757-ге паркоматтың нөмірін, көліктің мемлекеттік нөмірін және қанша сағат тұрғаныңызды жазып жіберсеңіз болғаны. Тек араларына жұлдызша қоюды ұмытпау қажет. Мұндай жаңашылдық, жүргізушілердің ыңғайлылығы үшін жасалаған.  

Автотұрақтан түскен қаржы қаланың транспорттық жүйесін дамытуға жұмсалады. Әлемнің кез келген елінде тұрақтар табыс көзі болып саналады. Былтырдың өзінде қала қазынасы 230 миллион тенгемен толығыпты. Алматыспецтехпаркинг сервис қызметкерлері жыл басында 10 мың көлікке арналған ақылы тұрақ салу жоспарлапты. Бүгінде оның 900-і қолданысқа берілген. Қалғаны жыл аяғына дейін аяқталмақ.