Алматылықтар жеке сот орындаушыларының атқарған жұмысына қапалы

Алматылықтар жеке сот орындаушыларының атқарған жұмысына қапалы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар жеке сот орындаушыларының атқарған жұмысына қапалы. Олардың үстінен бір жылда 2 мыңнан астам шағым түсіпті. Тексеріс барысында өзге де заң бұзушылықтар анықталған. Нәтижесінде, 23  жеке сот орындаушысы лицензиясынан қағылған.

Жеке сот орындаушыларының жұмысына шыдамы таусылғандар былтыр шағымды Әділет департаментіне үйіп төкті. Нәтижесінде бір жылда 2 мың 62 адам өтініш түсірген. Оның 1 мың 376 шағым жеке тұлға тарапынан болса, қалғаны заңды өкілдің өкпесі екен. Ел-жұрттың қапаланғанына қол қуысырып қарап отырмадық, дейді Әділет департаментінің басшылығы. Сөйтіп, былтыр бас-аяғы 200-ден астам тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, Ата Заңды аттағандар аз болмапты. 

«Былтыр 23 жеке сот орындаушысы лицензиясынан қағылды. Ал 11 сала маманы мүлдем бұл қызметте жұмысын өмір бойына тоқтатуына тура келді. Өндіріске түскен істі жеке сот орындаушыларынң арасында бөлу жұмысы да  дұрыс жүргізілмеген. Мәселен, жаңадан сот орындаушылық қызметке кіріскендер айыппұл мен алиментті өндірумен айналысса, ал бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқандар тек миллиондаған сомманың ісін ғана өндіріп келген», - деді Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Гүлнар КОКОБАЕВА.

Бұл сөздің жаны бардай. Өйткені,  сот орындаушылары 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінен төмен айыппұлдарды өндіруге асықпайды. Өйткені, сол сомманың 25 пайызын ғана алады. Бұл шамамен бір жарым мың теңге екен. Бұдан бөлек, былтыр жеке сот орындаушыларының  өндірісінде болған 290 мыңнан астам істің небәрі 28 пайызы орындалыпты. Әйтсе де олқылықтың орын алуы қалыпты, дейді екінші тарап.

«Дәл бүгінгідей сын осы уақытқа дейін бірде-бір рет айтылмаған еді. Иә,  аумақтық жеке сот орындаушылары палатасының жіберген кемшін тұстары қалыпты жағдай. Өйткені, бұл мекеменің республикалық палатада жұмыс істеп жатқанына небәрі жыл ғана толды. Бұған дейін жағдай бұдан да мүшкіл еді», - деді Алматы қалалық аумақтық жеке сот орындаушылары палатасы басшысының орынбасары  Қайрат ОМАРОВ.

Бүгінде Алматыда 240 жеке сот орындаушы тіркелген. Оның 60-ы бұл қызметке былтыр ғана кіріскен. Олардың артуына мүшелік жарнаның бұрынғыдай бір миллион теңге емес, небәрі 24 мың теңге төлеуі түркі болса керек. Ал әр бір істің мүшелік жарнасы 600 теңгеден әрі аспайды.

Әйкерім Ердәулетқызы, Қанат Кигізбаев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров