Алматылықтар мемлекеттік бағдарламамен алған үйлеріне наразы

Алматылықтар мемлекеттік бағдарламамен алған үйлеріне наразы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жас Қанат» ықшам ауданының тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен берілген пәтерлеріне қоныстана алмай жүр. Тұрғындар үйдің кілтін былтыр желтоқсан айында алған екен. Бірақ содан бері тек 15-ке жуық отбасы көшіп келіпті. Өйткені, құрылысы жаңадан біткен тұрғын үйдің түйіткілі көп. Бұқара пәтер едендері мен қабырғалары шатқаяқтап тұр дейді. Одан қалды, ас үй мен жуынатын бөлмелерде кафель атымен жоқ екен. Жадыра Омаржан жалғастырсын.

Іргесін былтыр қалаған бұл үйде 72 пәтер бар. Қожайындарына үлестірілген. Алайда, содан бері тек 15 отбасы ғана қоныстанып үлгеріпті. Өйткені, тұрғын үйдің сиқы сын көтермейді. Сылақтары түсіп, есік пен терезенің жақтаулары жарылған. Одан қалды, ас үй мен жуынатын бөлмеде кафель атаулы жоқ мүлде.                          

«Біздің нөмірі 5-ші үйдің тұрғындары жуынатын бөлме мен ас үйде кафель жабыстырылмағанына наразы. Негізі сметалық құжатқа сәйкес ол болуы тиіс. Үйді салған мекеме оны кіреберіс пен баспалдақтарға салып бердік деп ақталып отыр. Бірақ кафельді қайда жабыстыратынын алдымен тұрғындардан сұрауы тиіс қой»,- деді Ирина ХАЛЕЛОВА. 

Пшеничниковтар отбасы бұл үйді ұзақ күткен. Аңсары ауып, әрең жеткендегісі мынау бірақ. Содан болар, балаларына жаңа пәтерді көрсете алмай жүр. Ұялады өйткені. Жедел саты жүрмейді, оның үстіне газ да қосылмаған. Ал, едендері бос күйінде балбырап тұр. Тіпті, тұрмыстық техника қоюға жүрексінеді ондағы жұрт.        

«Біздің үйде еден тегіс емес, оған жиһаз бен тұрмыстық техниканы қоя алмайсың. Тіпті төменгі қабаттардағы пәтерлердің басым бөлігінің қабырғасы қисық. Айырмасы шамамен 5-7 см. Бұл жұмысты мердігер мекеме жасап беріп жатыр. Әйтпегенде кафель жабыстыруға шамамен 200 мың теңге керек»,- деді Василий ПШЕНИЧНИКОВ. 

Ал бұл - олқылықтың орнын толтыруға талпынып жүрген мердігерлер. Жауапты компания апатты бригада құрып, кемшіліктің орнын толытрып әлек.  

«Тұрғын үйдегі ақаулар пәтерлерін көптен күткен халықтың қалтасын қағады. Біз оны жақсы түсінеміз. Түскен шағымдардың орнын толтырамыз. Қазір компанияға қосымша мамандарды жұмысқа алдық. Тұрғындармен кездесу өткіздік. Мәселеден бас алып, қашып отырғанымыз жоқ. Міндетті түрде әр пәтердің иесімен кездесіп, айтқандарын түзейміз. Сылақшылар, құрылысшылардың барлық құрамы бар»,- деді «Корпорация Астана-стройинвест» ЖШС даму бөлімінің басшысы, Еркен САДУЕВ.

Астана-стройинвест компаниясы «Жас Қанат» ықшамауданындығы 4 үйді салған екен. Айтуларынша, тұрғын үйлерді басқа компаниялардан кем емес қылып өткізген. Қазіргі таңда, 10 пәтерде әрлеу жұмыстары қалыпты. Тек терезелер мен қылтиманың есіктердің ауыстыру көп уақытты алып тұрған көрінеді. Барлық жұмыстар сәуір айының ортасында аяқталуы мүмкін.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Қанат Кигізбаев «Алматы» телеарнасы





Новости партнеров