Алматыда 8 баласы бар отбасы, жетімдер үйінен 5 баланы асырап алды

21.07.2017 15:30

Алматыда 8 баласы бар отбасы, жетімдер үйінен тағы 5 баланы асырап алды. Қамқор жандар әр баланың өз отбасы болып, үйде тәрбиеленуі керек дейді. Олар балалар үйі тәрбиеленушілерінің санын азайту үшін тың жоба ойластырып қойған. Оған "Туған үй" деген атау да беріпті. Әріптесім Айдана Мейрамбайқызы бұл жобаның мән-маңызын бізге түсіндіріп бермек. Ол жетім балалармен де жүздесіп, жеткіншектердің қазіргі жағдайларын өз көзімен көріп қайтты. - Айдана, әуелі "Туған үй" деген қандай жоба екенін қысқа түсіндіріп берсең?

- "Туған үй" жобасы - жетім балалардың санын азайтуға бағытталған. Қазақ "жетімін жылатпаған ел" ғой. Мен тілдескен алматылық отбасы жетімдер үйіне жиі барып, ондағы балалармен сөйлесіп тұрады екен. Әр жолыққан сайын, жүректеріне қанжар қадалғандай болады. Сондықтан, осы жобаны жүзеге асыруға талпынып жатыр.

- Жетім балалармен де жүздестің. Олардың жанарынан не байқадың?

- Балалар шат-шадыман. Олар жетімдер үйінен алматылық отбасыға барғандарына дән риза. Мына кадрлерден жеткіншектердің көңіл-күйін оп-оңай аңғаруға болады. Қарашы, бәрі жадырап жүр. Қазіргі жағдайлары жақсы. Асырап алғандар оларды өз қамқорлықтарына алған. Қажет деген заттармен қамтамасыз еткен. Үікмет те ол отбасыға көмектесіп жатыр.

- Жақсы, ендеше әзірлеген материалыңды бірге көрейік.

10 жасар Рамазан, Кумашевтар отбасы бауырына басқан 5 баланың ең үлкені. Ол әкесін туғалы көрмеген. Анасын ғана еміс біледі.  Шешесі жүйке ауруына шалдығып, қаңғыбас болып кеткесін, жасөспірімді туыстары жетімдер үйіне тапсырыпты. Тағдырдың тәлкегіне түскен Рамазанды Кумашевтер асырап алуды жөн көріпті.

Кумашевтер әулеті Рамазаннан бөлек, тағы төрт бүлдіршінді қамқорлығына алған. Биыл іске қосылған «Бала асырап алушы отбасы» бағдарламасы ерлі-зайыптыға тәрбиеге төрттен де артық баланы алуға мүмкіндік беріпті. Қазір балалардың барлығы бір шатыр астында тату-тәтті өмір сүруде. Қызығы сол, перзентке зәру емес Кумашевтардың өздерінің туған 8 баласы мен 5 немересі бар екен. Ал, жетімдерді асырап алу туралы ой, ерлі-зайыптыға бұрыннан келген. Олар, бүлдіршіндерді үйде тәрбиелеп, үлкен өмірге бейімдеуді көздеп отыр.

«Әрбір мұсылманның ондай ниеті болу керек. Жетімдер далада қалмау керек, қорғаусыз болмау керек деген ойлар болды. Енді біраз жыл мешітте істедім. Осы жетімдер үйлеріменен, балалар үйлеріменен қызмет бабында барып, көріп қандай балалар екенін көргеннен кейін өзімнің жүрегімде мейірім оянып, осындай ойға келдім»,- деді Қала тұрғыны, Асхат КУМАШЕВ.

Өзгенің баласын өзектен теппей, бауырына басқан әулет енді 5 бүлдіршінді қатардан қалдырмай, жетілдіруді өз мойындарына алып отыр. Сондай-ақ, олар Қазақстандағы жетімдер үйі тәрбиеленушілерінің санын азайтудың өз жолын ойластыруда. Алдағы уақытта «Туған үй» атты жобаны жүзеге асырып, тағы да 5 балаға дейін асырап алуды қолға алмақ. Ерекшелігі, мұнда балалар ата-ананың аялы алақанын сезініп, үй тәрбиісін көреді. Тек, жобаны толық жүзеге асыру үшін қайырымды жандардан көмек қажет екен.

«Үйімізді сондай жаңағындай «Туған үй» деген жетім балаларды бағып алуға, семьяда тәрбие беруге, тек қана олардың ішіп-жемін түгендеу емес, кәдімгідей жақсы үлгілі, мәдениетті адам қылып өсіру деген өзіміздің бағдарламамыз бар»,- деді Қала тұрғыны, Айда КУМАШЕВА.

Қазақстанда жетімдер үйіндегі балалардың санын азайтуды ойлаған отбасының бұл ісі құптарлық. Өйткені, бала асырап алғандар жылына 150 баланы жетімдер үйіне кері қайтарады екен. Олар өздерінің бұл әрекеттерін мінез-құлықтың сай келмейтіндігімен байланыстырады. Қазір бала асырап алғысы келетіндерге де үкімет тарапынан шектеулер алынған. Жыл басынан бері, елімізде жетім балалардың деректері жиналған сайт іске қосылды. "Усыновите.кз" сайтында 5 мыңнан астам анкета толтырылған. Онда балалардың - фотосуреттері және видеолары, олардың қызығушылығы мен мінездемесі көрсетілген.

«Әр ата-ана баланы қамқорлыққа алу үшін арнайы органдардан түрлі процедураны өтпей-ақ, өз үйінде отырып деректер базасына кіре алады. Және бала асырап алу рәсімін бастай алады. Қаңтар айынан бастап бүгінгі дейін 200-ге жуық отбасы қазір тиісті рәсімнен өтіп жатыр»,- деді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі комитетінің төраға орынбасары, Мәншүк ӘБДІКӘРІМ.

Бүгінде елімізде 27 мыңға жуық жетім болса, оның 19 мыңнан астамы асырап алынған. Ал, 1832-бала патронаттық тәрбиеде. Тағы 7000-ға жуық бала жетімдер үйінде өз отбасыларын аңсап жүр. 7000 баланың барлығына Үкімет үй тауып бере алады деп те айта алмаймыз. Өйткені, Қазақстанда небәрі 2700 отбасы жетімдер үйінен бала асырап алуға кезекте тұр. Оның көпшілігі сәбиді шақалақ кезінде алғысы келеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шукіралиев, «Алматы» телеарнасы