Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында енді жұмыспен қамту бөлімінің бөлімшелері жұмыс істейді. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін атқарылып жатқан бұл шаралар уақыт үнемдеуге септігін тигізбек. Аталған бөлімшелерге азаматтар жұмыссыздығы жөнінде тіркеліп, одан қалды жұмыс табуға да мүмкіндіктері бар. Толығырақ тілші бейнематериалында.
Алматы қаласының 8 ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері жұмысын бастады. Тұрғындар жұмыссыздыққа тиісті құжаттарды осында тапсырып, қажетті қағаздарды да ала алады. Елбасы жолдауына сәйкес, 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2021-ші жылға қарай жұмыссыздық деңгейін, 4,8 пайыздан асырмау көзделген.
«Жұмыспен қамту мәселесі бойынша қандай шаралар іске асырылып жатыр, халыққа қызмет көрсеткен кезде қандай шараларды қолдана алады? Соның бәрін жеткізу мәселесімен әрбір жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыспен қамту мамандары халыққа түсіндіру жұмыстарын атқарып жатыр»,- деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары, Керімқұл ЖЕКЕТАЕВ.
Ал келер жылдан бастап, әлеуметтік сақтандырылмаған тұлғалар медициналық көмек ала алмайды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мамандары жұмыспен қамту орталығында арнайы келіп халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жерде тұлғалар жұмыссыз қалса, мемлекет тарапынан төленетін өтемақы түрлері туралы да кеңес беріледі.
«Қалалық жұмыспен қамту орталығында алматылықтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жұмыссыз адамдар қандай жағдайда әлеуметтік өтемақы алатыны жайлы мағлұмат алды. Мұндай шараларды біз жиі ұйымдастырамыз. Азаматтар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 5 түрлі бағдарлама бойынша өтемақы ала алады»,- деді «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің бас маманы, Қарлығаш АЛДАНАЗАРОВА.
Болашақта жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері халық көп шоғырланатын аумақтарда: метрода, сауда орталықтары мен базарларда және ірі екінші деңгейлі банктерде де ашылмақ. Айта кетейік, қазір Алматыда 2600-ға жуық адам жұмыссыздығы жөнінде тіркелсе, жыл басынан бері 1600 адам тіркеуге тұрса, 1337 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылыпты.
Азамат Әуезхан, Рашиддин Якубов, «Алматы» телеарнасы