Алматыда бірінші вокзал маңындағы дүңгіршектер жаппай сүріліп жатыр. Жұмысшылар шойын жол төңірегіне заңсыз орнатылған 15-ке жетеғабыл сауда орнын бұзып жатыр. Дүңгіршектерді алып тастау туралы сот шешімі былтыр қыркүйекте шыққан екен. Ал, сатушылар бұл үкіммен келіспей отыр.
Қирап жатқан бұл дүңгіршектер осыдан 5 жыл бұрын орнатылған екен. Саудагерлер халық қарақұрым жүретін орынды майлы шелпекке айналдырып үлгерген. Алайда, сауда орындары заңсыз салынғандықтан, сот оларды сүріп тастау туралы шешім шығарған. Міне, қазы қаулысы орындалып жатыр.
«Қазіргі таңда мәжбүрлі түрде соттың шешімін орындау жүріп жатыр. Бұл кісілерге алдын ала ескерту хаттары берілген болатын. Бұл кісілер ескерту ала тұра ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Сол себепті қазір мәжбүрлі түрде соттың шешімін орындап жатырмыз», - деді сот орындаушысы Рақым ОРЫНБАЕВ.
Вокзалдағы бұл бүлік былтыр маусым айында бұрқ еткен. Қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы дүңгіршектердің заңсыз салынғанын анықтады. Кейін әлгі орындардың тазалық талаптарына сай келмейтіні расталған. Оның үстіне, сұрықсыз орындар қала көркіне нұқсан келтірген. Алайда саудагерлер соттың бұл шешімімен келіспей отыр. Олар тиісті салықты төлеп тұрдық, вокзал басшылығымен арада келісім бар деп, ұлардай шулап отыр.
«Бұл жерде 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Вокзал жөндеу жұмыстарынан өткеннен кейін бізге «Вокзал сервис» АҚ заңды түрде рұқсаттарын берді. Осы уақытқа дейін жап - жақсы өз жұмыстарымызды істеп келген едік, енді жағдай осындай болып отыр», - деді кәсіпкер Валерий ИПОМИЩЕНКО.
Табыстарынан әп-сәтте қағылған саудагерлер енді сотқа қайтара шағым түсірмек. Олар прокуратураға арызданып, бұрынғы орындарын қайтарып алуды көздеп отыр.
Сымбат Сағындық, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы