Қала басшысы Бауыржан Байбек жүргіншілерге арнап салынып жатқан көшелердің құрылыс барысымен тағы бір танысты. Әкім Панфилов, Жібек жолы, Гоголь мен Қабанбай батыр көшелері және «Астана» алаңының жөндеу жұмыстарын тексерді. Келесі аптадан бастап құрылыс жүріп жатқан көше бойындағы үйлердің сыртқы кейпі де түрленеді. Бұл бірыңғай қала сәулет стилін қалыптастыру үшін қолға алынып отыр. Жалпы, 330 мың шаршы метр аумаққа жасыл-желек пен қайың, емен отырғызу жоспарланған. Ал Арбат бұрынғы келбетін сақтайды. Аумағы толық абаттандырылмақ. Демалыс орындары артып, бұрынғы субұрқақ қайта жасалады. Сондай-ақ, Панфилов көшесі бойымен Қабанбай батыр көшесінен бастап Жібек жолына дейінгі аралықтағы жүргіншілер жолына гранит төселеді. Ал «Астана» алаңында көлік қозғалысының жолағы қысқарады.