Алматы әкімі қала көшелерін аралап, бірқатар тапсырма берді

25.05.2018 02:18


Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың көлік және жүргінші жолдарын жасау жұмысының қалай жүріп жатқанын тексерді. Абай, Байтұрсынов, Асқаров, Гагарин көшелерін аралап шыққан мегаполис басшысы оларды одан әрі көріктендіру бойынша бірқатар тапсырма берді. Осы айдың соңына дейін  Гагарин даңғылын Әл-Фарабиден Тимирязев көшесіне дейін қайта жасау аяқталады. Ұзындығы 3  шақырымнан асатын жаңарған жолмен қатар жүргінші жолдары абаттандырылып, арық желілері салынады. Пайдаланылмайтын конструкциялар мен заңсыз құрылыстар алынатын болады.

Одан бөлек, көшелерге жасыл желек отырғызу жоспарланған. Қалалықтардың талабын ескере отырып, Гагарин мен Қожабеков көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату қарастырылуда. Алматы әкімі Байтұрсынов көшесін аралаған кезде заңсыз салынған кафенің жазғы террасасын алып тастап, жүргінші  учаскесін қалпына келтіруді тапсырды. Ал «Baykonyr» бизнес орталығы алдындағы жүргінші аймағы  кеңейіп, көлік тұрағы жіңішкеретін болды. Жайлы қала кеңістігін құру мақсатында Бауыржан Байбек Асқаров көшесі бойында тротуар құрылысын бастауды тапсырды. Еске салсақ, биыл жазда Алматыда 150 көше жөнделіп, 30 шақырым жүргінші жолы жасалады. Және 600 аула көріктендіріледі. Барлық жерасты өткелі күрделі жөндеуден өтіп, жаңа фонтандар салынбақ.