Алматы әуежайында жолаушылардың мазасын алған такси жүргізушісі жауапқа тартылды

14.11.2017 в 22:16

Алматы әуежайында жолаушылардың мазасын алған жүргізуші жауапқа тартылды. Ол бұған дейін де тасымал қызметін ұсынып, жұрттың дегбірін қашырыпты. Сондықтан, бұл жолы қамауға алынды. Тәртіп сақшылары жолаушыларға жабысатын жүргізушілерге бірінші айыппұл салады. Екінші рет қайталаған жағдайда 72 сағатқа қамау жазасы қарастырылған.

«Алматы қаласының азаматы шетелден ұшып келгенде, оған жүргізуші такси қызметін ұсынып, қоғамдық орында тиіскен үшін жауапкершілікке тартылды.  Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексінің 449 бабының 2 бөлігі бойынша. Ол материал сотқа жолданып, соттың шешімі бойынша 3 тәулікке қамауға алынды»,-деді Алматы қаласы әуежайындағы ішкі істер желілік бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы, Аян МОЛЖІГІТОВ.

Әуежайда жолаушыларда қандай да бір құқықтық сұрақ болса, оны құқықтық кеңес беру орталығындағы мамандардан сұрай алады. Мұнда прокуратура, кеден, көші-қон, консулдық қызмет және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар сынды 6 бірдей мекеме өкілдері отырады. Олар таңғы сағат 9-дан бастап кешкі сағат алты жарымға дейін жұмыс істейді. Бұл пилоттық жоба әзірге тек алматыда жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де ашылуы мүмкін.