«Алматы Барысы» турнирінің жеңімпаздары анықталды

03.05.2018 15:34

Алматының биылғы балуан барысы анықталды. Сегіз ауданның атынан шыққан балуандардың ішінде жеңіс тұғырына көтерілген Дәурен Нұралинов алтын белбеуді иеленді. Ол ақтық сында  салмағы 132 келілік, татамиде көптен бері атой салып жүрген балуан Руслан Әбдіразақовтан айласын асырды. Медеу аудынының атынан шыққан Әбдіразақов өзінен жасы да, салмағыда кіші  Дәуренге соңғы сәтте  жол беріп, жеңіліс тапты. Ал үшінші орын үшін берілген 100 мың теңге де Түрксіб ауданының балуаны Жайдар Сайлаубаевқа бұйырды. 

«Ары қарай дамытып, мықты формаға кіріп, «Қазақстан Барысын» бағындыруға тырысамыз. Дайындықпен келген соң өз-өзіме сендім жеңіске жететініме. Осылай бұйырып тұр», - деді «Алматы Барысы – 2018» жеңімпазы Дәурен НҰРАЛИНОВ.

Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының айтуынша, бәсекеге 24 балуан түскен. Әр ауданнан үш балуан іріктеліп шықты.  Бірінші және екінші орын иеленген спортшылар келесі айда  Астанада да өтетін «Қазақстан Барысы» сайысында қала намысын  қорғайды. Жалпы бүгінде ұлттық спорттың осы түрімен қалада екі жарым мың бала тұрақты айналысып келеді.  

«Немқұрайлы қарайтынбыз қазақ күресіне. Күресті ме күресті. Бар ма бар. Әйтеуір өткіздік пе өткіздік. Тойларда ғана көзіміз көріп жүрген. Қазір Алматы қаласында біз нақты жүйе қойдық. Біріншіден, Үкімет тарапынан көмек. Оны шешіп алдық. Екіншіден, қоғамдық ұйым ретінде федерацияны құрып алдық. Онымен кәсіби айналысатын қазақ күресінің клубын құрдық «Алатау» деген», - деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Әбіл ДОНБАЕВ.