«Алматы жастары»: 200 отбасыға жеңілдікпен пәтер беріледі

«Алматы жастары»: 200 отбасыға жеңілдікпен пәтер беріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық жас отбасылар жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасының шарапатын көруде. Бағдарламаның өзі де «Алматы жастары» деп аталады.

Алматыда пәтер жалдап тұратын көптің бірі – асыраушысынан айырылған Ләйла Қайратқызы. 3 баласымен пәтерсіз жүрген келіншек жалдамалы үйге ай сайын 120 мың теңгеден төлейді. Жалғызбасты ана екі жыл баспана кезегінде тұрған. Алайда, «Алматы жастары» жобасы арқылы тұрғын үйге тезірек қол жеткізетінін түсініп, шұғыл түрде құжат тапсыруға кірісіп кеткен. Алғашқы кезеңнен жоғары ұпай жинап, енді төлем қабілетін растауда. Қазірше банктен 1 бөлмелі пәтерге қарыз алуға өтініш білдіріпті.

«1 бөлмелі пәтер. Бірінші 6 жыл-94 мың теңгеден, қалған 11 жылын 46 мың теңгеден төлеймін.  Ол өте қолайлы бағдарлама деп ойлаймын. Өйткені, алғашқы жарна керек емес. Тек кредиттік тарихың мен төлем қабілетің жақсы болса, банк өткізеді деп үміттеніп отырмыз», – дейді Ләйла РАХЫМБЕКОВА.

Биыл қалалық әкімдіктен бұл бағдарламаны қолдау мақсатында 2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат жобаның негізгі операторы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне»  аударылады. Сәйкесінше, қаржы институты 5 пайызбен 25 жылға дейін несие береді.  Мұндай мүмкіндікті қалт жібергісі келмеген 1 мың 200-ден астам алматылық өтініш түсірген. Алайда олардың 200-і ғана екінші кезеңге өткен.

Ескере кетірлігі, биылғы талаптарға бірқатар өзгеріс енді: тұрғын үйге өтініш берген азаматтың жасы 35-тен аспауы керек. Бірақ жолдасының жас ерекшелігі ескерілмейді. Сондай-ақ, екінші және одан кейінгі балаларға былтырғыдай 15 балдан емес, 20 ұпайдан есептеледі.

«2017 жылғы бағдарламада негізгі талаптардың бірі – өтініш иесінде және онымен бірге тұратын отбасы құрамында жылжымайтын мүлік жоқ болуы тиіс. Ал ағымдағы жылы өтініш иесінде не болмаса отбасы құрамында жылжымайтын мүлік кәмелетке толғанға дейін, жекешелендірудің немесе мұрагерлікке алынудың негізінде пайда болғаннан кейін, яғни ортақ үлестік болса, онда бағдарламаға қатысуға рұқсат берілген болатын», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Алтынай ӘЛІМХАНОВА.

Азаматтарға банк бас-аяғы 10 миллион теңге қарыз бере алады. Құны одан қымбаттау үй алғысы келетіндер алғашқы жарнасын төлеулеріне болады. Мамандардың айтуынша, өтініштері өткен отбасылардың басым бөлігі некеде кемінде 5 жылдан бері тұр. Банк қызметкерлері қарыз алушының төлем қабілеті оның өтініші мен отбасы мүшелерінің ай сайынғы күнкөрісінен артылған қаражатпен есептелетінін ескертеді.

«Адам басына, статистика бойынша, Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қаласында 15 АЕК есептелінеді. 1 АЕК – 2405 теңге болғандықтан, адам басына 36075 теңге кетеді. Оған қоса, жолдасының жұмыс жағдайы мен бала-шағасының санын есептейміз. Орта есеппен, 1 шаршы метрін 250-260 мың теңгемен есептеп алып жатыр. Қазіргі қатысушының көбі Наурызбай ауданына барып жүр», – деді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ Алматыдағы №1 қызмет көрсету орталығының басшысы КӘМШАТ ОҢАЛБАЕВА.

Төлем қабілеті расталған соң үміткер 10 күннің ішінде қалаған пәтерді өзі таңдайды. Алайда, баспананы жаңадан бой көтерген үйден таңдауы тиіс.


Әйкерім Ердәулетқы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров