Алматы жұрты белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері Ләйлә Ғалымжанованы ақтық сапарға шығарып салды. Әкесі репрессияға ұшырап, анасы ауыр сырқаттан ерте қайтыс болып, жастайынан тағдыр тауқыметін көріп өскен қазақ қызы еңбек жолын актрисалықтан бастайды. Ләйлә Ғалиқызы сценарист, телережиссерлік мансаптарды серік етіп, Кеңес Одағы кезеңінде кинематография жөніндегі комитеттің төрайымы, Мәдениет министрінің орынбасары,Мәдениет министрі сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған. Бірнеше көркемфильм сценарийінің, ондаған әңгіме-мақалалардың авторы. Қазақ киносының аяқ алуына өзіндік үлес қосқан қайраткер «Құрмет белгісі», «Еңбек қызыл ту» ордендерімен марапатталған. 93 жасында бақилық болған тұлғамен соңғы рет қоштасуға туған-туыстары, замандас, әріптестері келді.
«Маған да үлкен бір қол ұшы тиіп еді. Мені «Мәскеуден «Год дракона» деген фильмге тапсырыс түсті деп шақырып алды. Бірінші режиссерлық жұмысым осы Ләйлә Ғалиевна. Біткеннен кейін де өзінің ризашылығын білдіріп, фильмнің ұнағанын айтып, ары қарай жол сілтеген еді. Оны жақсылығын мен ұмытпаймын», - деді КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанаәлі ӘШІМОВ.
«Апамыз есімізде әрдайым ыстық естеліктермен қалады. Апамның қолында өстім, ол әркез бізге парасатты, ұқыпты, білімді азамат болуды құлағымызға құйып отыратын. Ғұмырында қанша қиын кезеңдерді өткерсе де, ержүрек мінезімен әдемі өмір сүріп, 93 жасында дүниеден озып отыр», - деді Л. Ғалымжанованың немересі Әсел ҚАРАУЫЛОВА.