Алматы іргесіндегі Кеңдала ауылында жоғалған 62 жастағы әйел әлі де табылмады

12.09.2017 22:52

Алматы іргесіндегі Кеңдала ауылында жоғалған 62 жастағы әйел 1 айдан бері әлі табылған жоқ. Кейуана 4 тамызда таңғы сағат 8-дерде үйінен шығып, содан бері оралмаған. Хадиша Түсіпованы бала-шағасы мен туыстары шарқ ұрып іздестіруде. Одан қалды 50-ден астам ерікті де қол ұшын созған. Олар ауыл маңын түгелдей сүзіп шығып, ауруханалар мен мәйітханаға да сұрау салыпты. Алайда, еш нәтижесіз. Әжейден мүлдем хабар-ошар жоқ. Осы тұста Хадиша Түсіпованың туыстары тәртіп сақшыларының немқұрайлығына налыды.

«Полиция деген қазір білмеймін, 2-ақ опер бар екен. Іздестіруші топтан. Олардың жұмысына көңілім толмайды. Себебі, немқұрайлық көрсетіп тұрған сияқты. Біз міне қарап жатырмыз деп бір қағаздарды көрсетеді, ол қағазды біз не істейміз? Біз анамызды жоғалтып отырмыз», - деді Қ.Түсіпованың қызы Меруерт ӘБІЛҚАСЫМОВА.

¤Айта кетсек, жоғалған әжей "Паркинсон" ауруына шалдыққан және дәрінің көмегімен жүріпті. Ал, кетерінде өзімен мүлдем дәрі-дәрмек алмаған.  Сондықтан, бала-шағасы аналарының денсаулығына алаңдап, оны тездетіп табу үшін қайырымды жандардан көмек сұрауда.