Алматы халқын су тасқынынан қорғау үшін бірнеше жоба жүзеге асырылды

03.10.2017 21:19


Селден алар секем жоқ. Қала басшылығы су тасқынынан қорғану үшін биыл біршама жобаны жүзеге асырды. Айталық, Алатау мен Наурызбай аудандарында жаңадан арықтар салынды. Ал Жетісу ауданындағы биік беткейлер тас қоршаулармен қапталып жатыр. Бұл - қапыда болар төтенше оқиғадан сақтанудың қамы.                                                  

¤Бұл маңнан Кіші Алматы өзені ағады. Жағалаудағы жұрт жыл сайын жауын жауғанда жандарын шүберекке түйіп отыратын. Өйткені, қырдағы балшық лайланып, көшкін тудыратын қауіп басым еді. Енді елдің елеңдейтін жөні жоқ. Қала билігі қазынадан қаражат бөліп, биік беткейлерді темір торлармен қаптатты. Қорғаныс қабырғаларының ұзынды 345 метр, ал биіктиі 9 метрге жуықтайды. Құрылысшылар тастан жасалған қоршау 50 жылға дейін шыдас береді, дейді.              

«Бұл қабырға салынбай тұрғанда, беткейден лай көшетін. Салдарынан етектегі жұртқа қауіп төнген. Енді тас қоршаулардың арқасында ондай қауіп болмайды. Олар лайланған балшықты мықтап ұстап тұрады. Таулы аймақтарда тұратындарды габионды құрылғы жақсы қорғайды. Атқарылған жұмыстың сапасына жауаптымыз», - деді мердігер компанияның директоры Азамат МЫҢУАРБЕКОВ.

¤«Осы көшеде 30 жылдан бері тұрамын. Жаңбыр жауса болды, сел мен  лай көшкіні жүре ме деп қорқасың. Өйткені, бала-шағамыз бен қарт анам бар. Оның үстіне үйіміз де ескі еді. Ойламаған бір күні баспанамыз опырылып, астаң-кестеңі шығатын шығар деп үрейленіп жүрген едім. Қатайтылғаны жақсы болды. Тыныш, алаңдамай ұйықтайтын болдым», - деді қала тұрғыны.

¤Мына арықтар Наурызбай ауданында биыл салынған. Төселген суағардың ұзындығы 4 шақырымнан асады. Осының арқасында, төңіректегі тұрғындар нөсер құйғанда шалшық кешпейтін болды.  

«Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арық жүйелерінің құрылысына қаражат бөлінген болатын. 131 млн 500 мың теңге көлемінде. Қазіргі уақытта біздің аудан бойынша ол 4 көшеде қарастырылған. Наурызбай ауданының аумағында сонымен қатар, күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалқамын ықшамауданында 33 көшеде. Оның ішінде 12 көшемізде жолмен қатар арық жүйелерін салу жүргізіліп жатыр», - деді  Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Данияр САДЫҚОВ.

¤Биыл Алматыда арықтардың дені дәл осы Алатау ауданында салынып жатыр. Мәселен, «Алғабас» ықшамауданында Момышұлы, Соқпақбаев, Қалдаяқов мен Мәметова сынды көшелерде суағарлар желісі мен құрғату жүйесі салынды. Арықтың ұзындығы - 7 шақырым. Сондай-ақ жылда қызыл судың астында қалатын «Теплоэнергетик» пен «Энергостроитель» саябақтары да назардан тыс қалмады.


«Осы екі саяжай ортасынан өтетін бізде Қарғалы өзені бар. Қарғалы өзенінің арнасының тасуынан сол жердегі үйлерді су алу жиі орын алатын. Биылғы жылы сол жұмыстарды атқару барысында Қарғалы өзенінің арнасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 4790 метр жұмыс жүргізілуде. Оның 3200 арнасын бекіту бетондау жұмыстары және де 1338 механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді», - деді Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Төребек БАЙЫМБЕТОВ.

 

¤Алатау ауданында 17 жылдан бері тұратын Хасен ақсақал жасалған жұмыстарға өз ризашылығын білдіріп отыр. Өйткені, мұнда суағарлар атымен болмаған.


«Алматыға қосылғалы бері көзіміз ашылды. Себебі, міне, көріп тұрсыздар арық салынды. Асфальт қалың жасалынып жатыр. Үлкен жақсылық жасап жатыр қала әкімдігі. Бізді көбінесе көктемде, күзде қар жауғанда жаңбыр жауғанда су басады. Осы көшенің төменгі жағында көл сияқты көлдер болған», - деді қала тұрғыны Хасен ШАЛАБАЕВ.

 

¤Алматылықтарды сел мен су тасқынынан қорғау үшін атқарылып жатқан жұмыстарды қала әкімі Бауыржан Байбек өзі тексерді. Жұмысты уақытылы бітіріп, мердігер мекемелерге жобаның сапалы атқарылуына аса мән беру керек екендігін қадап айтты. Жалпы биылға жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі уақытынан бұрын аяқталуда.

 

Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы