Ауыз судың әлегі. Жетісу ауданының Көкжиек ықшамауданында су құбырлары жаңартылып жатыр. Коммуналдық қызметкерлер оны бір айда жөндеп бітіреміз дейді. Ал су желілерін жаңарту жұмысы қаланың бірнеше жерінде жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары қашан аяқталады?
Көкжиек ықшамауданында қазір жұмыс қауырт. Мердігер мекеме қызметкерлері су желілерін жаңартып жатыр. Жөндеу жұмыстары 1 жарым ай бұрын басталған. Тұрғындарға қолайсыздық туғызбау үшін қажетті аумақты бөліп қазуды қолға алыпты.
«Біз бірінші 100 метр асфальттың слойын алып аламыз. 15 сантиметр слойы бар асфальттің әр жерде әр түрлі. Сол бір слойын аламыз. 100 метрге дейін. Сөйтеміз де 100 метр жерді қазып аламыз. Одан кейін су құбырын саламыз ішіне. Сөйтіп құммен көмеміз. Өзінің технологиясы бар. Құм бар балас бар. Соны бітіріп көміп, одан кейін ары қарай 100 метр қазып ары қарай кете береміз»,- мердігер компанияның басшысы Нұрбол НЫСАНБАЕВ.
Көкжиек ықшамауданында жалпы 4 шақырым құбырды жаңарту көзделген. Қазір негізгі шаруалар аяқталуға жақын. Тек ғана 150 метр аумақты қалпына келтіру ғана қалыпты. Мердігер мекеме құрылыс жұмысын шілде айының аяғында бітіреміз деп отыр.
«Жаңадан салынған су құбырын пайдаланымға енгізгенде «Көкжиек» ықшамауданы тұрғындары сапалы ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызылады. Ал қолданыстағы қазіргі су құбырында авариялық жағдайлар жиі кездесіп тұрған. Сол себептен жаңа салынған қазіргі су құбыры «Көкжиек» ықшамауданының тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге өте жақсы жағдайларын жасап жатыр»,- «Алматы су» МКК күрделі құрылыс және қайта құру басқармасының басшысы Саят ЖЫҢҒЫЛБАЕВ.
Құрылыс жұмысы кезінде 3 мың пәтер және 150 мекеме өзге коммуникацияға қосылған. Су желілері жаңартылған соң, барлық тұтынушыға берілетін ауыз су мәселесінде олқылық болмайды. Жалпы мұндай жұмыстар қаланың бірнеше бөлігінде жүріп жатыр. Оның барлығы жаз аяғына дейін аяқталады деп күтілуде.
«Көп жұмыстар Алатау, Медеу, Жетісу, Түрксіб аудандарында жүргізіліп жатыр. Яғни кіші қабатты үйлерде. Ең басты мақсат бізде үздіксіз су беру. Одан басқа ауылды мекендерде, ықшам аудандарда тарихи су құбыры болмаған. Канализация болмаған. Септик болған. Енді осы жұмыстардың арқасында экология шешіледі. Септик жойылып, тұрғындар тікелей кәріз жүйесіне қосылады»,-деді «Алматы су» МКК қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Серік ШӘГІРОВ.
Өткен жылы Қалқаман ықшамауданында су және кәріз жүйесі қалпына келтірілді. Қазіргі таңда коммуналдық қызметкерлер 5 мың үйді қосып жатыр. Жалпы соның арқасында 10 мыңнан астам тұрғын орталық коммуникацияға қосылуға мүмкіндік алады.
Перизат Көмекбайқызы, Айбану Анарбаева, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы.