Алматыда жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталды

17.07.2017 15:00

Қыстың қамын жаз ойла. Алматыда жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Десе де, қаладағы 500-ден астам ғимарат пәтер иелері кооперативтері салғырттық танытып отыр. Кестеден кешіккені былай тұрсын, ПИК төрағалары тіпті өздері жауапты үйлердің жертөлелелерін тазалауға құлықсыз көрінеді. Енді олар 15-ші қыркүйекке дейін дайындықтарын сапалы аяқтамаса, жылуға қосылу құқығынан айырылады.

Қылышын сүйреткен қысқа қазір қаланың барлық аумағында қызу дайындық жүріп жатыр. Дегенмен, пәтер иелері кооперативтері өз жұмыстарына артүсті қарап отыр. Мәселен, Жетісу ауданындағы көпқабатты 623 үйдің 37-сі осы уақытқа шейін атқарылуы тиіс шаруаларды кейінге шегеріпті. Соның кесірінен кестеден кешіккен. Есесіне, аудандағы білім ошақтары жылу маусымына қазірдің өзінде 60 пайызға дайын. Бүгін Жетісу ауданындағы тұрғын үйлерге төрелік етіп отырған Пәтер иелері кооперативтеріне жиын өткізіліп, қатаң тапсырма берілді. Олар үйлерді дайындағаннан бөлек, дебиторлық қарызы барларды да тезге салуы тиіс.

«Жетісу ауданы бойынша жылу мен ыстық суға қарыз 180 млн 650 мың теңгеге жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда өте көп. Кей пәтерлердің берешегі тіпті миллионнан асады. Қарызы барлардың көбісінің үйлері кепілге алынған немесе ешкім тұрмайтын болып шығады. Біз енді оларға қатаң шара қолданып, сотқа береміз. Әрі, әр подъездің алдына тізімдерін қыстырамыз»,- деді «АЛМАТЫ ЖЫЛЫТУ ЖҮЙЕСІ» ЖШС солтүстік  пайдаланым ауданының басшысы, Дмитрий ВОЛОХ.

Қазір қала бойынша жылу маусымына үйлер мен білім беру мекемелері 40 пайызға дайын. Ал, 589 нысан дайындықтан өтпеген. Бұған пәтер иелері кооперативтерінің салғырттығы себеп. Тексеріс кезінде 10 көпқабатты үй жертөлесінің ішін су басып, 30-дан астамының қоқысқа қақалғаны белгілі болған. Сондай-ақ, 94 нысанның жылу құбырының ақауы анықталған.

«Дайындық жұмыстарын көбінесе Пәтер иелері кооперативтері кешіктіреді. Олардың үйлерінің жертөлелерін су басып тұрады немесе іші қоқысқа толы болады. Мұның барлығы берілетін жылуға әсер етеді. Пәтер иелері кооперативтері жылу берілетін жертөленің тазалығына бастап, құбырларды шайып, ақауларын жөндеуі керек. Сондай-ақ, терезелердің де жылуна қарауы тиіс»,- деді «АЛМАТЫ ЖЫЛЫТУ ЖҮЙЕСІ» ЖШС баспасөз хатшысы, Наталья ИНКИНА.

Десе де, пәтер иелері кооперативтерінің өз уәжі бар. Олар толыққанды дайындық жұмыстарды жүргізуге тұрғындардан жиналатын қаржының жеткіліксіздігін алға тартты.

«Мен жауапты 3 үйдің жертөлесіндегі жылу құбырларын және олардың бұрағыштарын ауыстыру қажет. Бұрағыштың құны 15 мың мен 30 мың теңге аралығында. Үйді ұстау үшін шаршы метріне 25 теңге, ал жөндеу жұмыстырына 7 теңге жиналады. Бұл ақша әлбетте жетіспейді. Өйткені, қазір барлық құрылыс материалдары қымбат»,- деді «Айна» ПИК төрайымы, Людмила МЕЛЬНИЧУК.

Қалай дегенмен де, пәтер иелері кооперативтері өздері жауапты тұрғын үйлерді 15 қыркүйекке дейін жылу маусымына дайындап үлгеруі тиіс. Ал, кестеден кешіксе оларға тиісті құжат берілмейді. Салдарынан, тұрғындар жылудан қағылуы мүмкін.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Теги: платежи