Биыл Алматы марафонында 14 мыңнан аса адам жүгіреді

21.04.2018 20:48

Биыл Алматы марафонында 14 мыңнан аса адам жүгіреді. Спорттық шараға шетелден арнайы келіп қатысатындар да бар екен. Ұйымдастырушылар шараға тас-түйін дайынбыз дейді. Қатысушылар 42 шақырымды еңсерулері керек. Марафон Республика алаңынан басталып, дәл осы жерде аяқталады.

Евгений Карабинский Алматы мен Киев арасында жұмыс істейді. Ертеңгі марафонға қатысу үшін арнайы келіпті. Аптасына 3-4 күн жаттықтырушысымен жүгіреді. Ол  21 шақырымды еңсермекші. Айтуынша, кәсіпқой спортшы болмағаннан кейін толық жүгіру қиынға соғады. Биыл аталған шараға 3 жыл қатарынан қатысып жатыр екен. Алматыдағы бұқаралық спорт жылда жоғары деңгейде ұйымдастырылады, дейді ол.

«Алматы марафон өте жоғары деңгейде өтеді. Жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді. Сонымен қатар, қала таулы жерде орналасқаннан кейін қиындықтар көп. Мен 21 шақырым жүгірем деп жоспарлап отырмын», - деді Евгений КАРАБИНСКИЙ.

 Марафонға 14 мың адам ресми тіркелген. Ұйымдастырушылардың сөзінше, былтыр 13 мыңға жуық адам қатысыпты. Бұқаралық спортқа қызығатындар саны жыл санап артып келеді екен.

«Осы демалыста ең ірі шараларымыздың бірі - Алматы марафоны өтпек. Азиядағы ауқымды спорттық мереке болмақ. Біздің қала оған тас-түйін дайын. Биыл қатысушылардың да саны былтырғыдан қарағанда көп. Ресми тіркелгендердің саны 14 мыңнан асып жығылады. Марафон кезінде өткен жылдағыдай адамдар тағы қосылады деген ойдамыз», - деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рүстем БАЙСЕЙІТОВ.

 Марафонның жалпы ұзындығы 42 шақырым. Ол 5 қашықтыққа бөлінген екен. Қатысушыларға барлық жағдай жасалған. Тіпті, жолда берілетін тағамдардың түрлері де көбейген. Айта кетейік, марафоннан жиналған қаржы қайырымдылыққа жіберіледі.  

«Осы жылы біз жиналған қаражатты қайырымдылыққа жібереміз. Ол ақша 3 мектеп пен 3 лицейге спорттық алаңдар салынуына жұмсалады. Сонымен қатар, спорттық жабдықтар сатып алынады. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы марафонға қатысушылардың тағам түрлерін көбейттік. Яғни, былтыр тек жеміс-жидектер ғана болса, осы шарада шоколадтар мен тәттілер қосылды. Ұзаққа жүгіретіндерге арнайы массаж да қарастырылды», - деді Алматы марафонының операциялық директоры Құралай ЕРМЕКБАЕВА.

 Алматы марафонынан бөлек 6-7 мамырда «UltrTengri a» марафонға қызығатындар да аз емес дейді.

«Бұл спорттық шара Алматы облысы, Таңбалы тастың аумағында өтеді. Оған көбіне әуесқой марафоншылар қатысады. Яғни, таулы жерлерде жүгіруді жаны сүйетіндер болады», - деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рүстем БАЙСЕЙІТОВ.

Спорттық шараларды ұйымдастырушылардың сөзінше, Алматыда салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Оған дәлел, веложолақтар мен дене шынықтырумен айналысатын алаңдар. Спорттық шаралардың ашылуын өткен аптада қала әкімі Бауыржан Байбек велошерумен ашып берген болатын. Биыл 21 велошеру өткізу жоспарланыпты. Жалпы, 3 мыңнан аса спорттық шаралар 2018 жылы ұйымдастырылады. 

 

Өмір Әнуарбек, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы