Алматы облысында 8 баланы өзінің туған ата-анасы өзектен теуіп, балалар үйіне қайтадан өткізіп жіберген. Бұл туралы Бағанашылдағы жетімдер үйінің басшылары айтты. Сөздерінше, ата-аналар бауыр еті балаларын асыраудан қиналған. Сондықтан, амалсыз осындай қадамға барыпты. Қазір әлгі жеткіншектермен психологтар жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, облыстық балалар үйінің меншігіндегі ат шаптырым аумақты бәзбіреулер заңсыз иемденіп алған көрінеді. Қазір осы жайтты дереу шешу мәселесі күн тәртібінде тұр. Телім иелері заңсыз әрекетке барғандармен тіпті соттаспақ. Онсыз да Жаңа жыл қарсаңында жеткіншектерге қажетті заттарын алып беруге қиналып жүрген балалар үйінің басшылары «бұл жайт бізге жығылғанға жұдырық болды», - дейді.
«Жер теліміне біз балалар өскенде өздері тұратын үй салып беруді көздегенбіз. Жомарт кәсіпкерлерді іздестіріп, осындай игі жобаны қолға алмақ едік. Алайда, облыстық балалар үйіне тиесілі жерді бәзбіреулер заңсыз түрде иемденіп алған. Олардың мұндай әрекетке қалай барғанын алдағы уақытта анықтап, бір шешімін табамыз деп ойлаймын», - деді Алматы облысы №1 балалар үйі қамқоршылық кеңесінің мүшесі Бақыт ОСПАНОВА.
Жыл басынан бері мейірімді жандар жетімдер үйінен 40 баланы асырап алған екен. Қазір солардың 32-сі ата-аналарымен бірге тұрып жатыр. Ал, балалар үйіндегі жасөспірімдерге қалталы кәсіпкерлер тосын сый жасап, мерекелік көңіл күй сыйлады. Олар жаңа жылдық шырша ұйымдастырып, балаларға бағалы сыйлықтар таратты.
«Сендер де сондай ертең үлкен Қазақстанның бір жақсы ұлы мен қызы болып, сендер Қазақстанның атын бүкіл дүниежүзіне таныта берулеріңе тілектеспін», - деді Олимпиада чемпионы Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ.