Алматы облысында оққа ұшқан сарбаз өлім аузында жатыр

16.03.2018 16:22

Оқ жәбірленушінің өз қаруынан атылған

АСТАНА, 16 наурыз — Sputnik. Алматы облысындағы 7552 әскери бөлімінің сарбазы түн ішінде оққа ұшқан. Атылған 5 оқтың үшеуі 21 жастағы Ертуған Омархановтың басына тиіпті, қазір ол комада, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ертуған Омарханов – Шығыс Қазақстан облысының тумасы, Заречный кентіндегі бөлімге қарашада қабылданыпты. Ал, мұндағы сарбаздар кезекпен жақын жердегі түрмені күзетеді. 2 күн бұрын ол өз бекетін тапсырар кезде оққа ұшқан.

Түнгі сағат 1 шамасында болған оқыс жағдайдың мән-жайын қайғыдан қан жұтқан ата-ана әлі де түсіне алар емес.

"Ұлым әскерге кетіп, 3 айдан кейін мына жағдай болып жатыр.  Білмеймін не болғанын, түсініксіз. Оқ басына, жақтан кіріп бастан шыққан ғой", — дейді жәбірленушінің әкесі Ержан Ахметов.

Оқтың Ертуғанның қолындағы Калашников автоматынан атылғаны белгілі. Оның үшеуі сарбазға дәл тиген. Сондықтан, дәрігерлер дереу ота жасапты. Соған қарамастан, жігіттің жағдайы тым ауыр.

"Жағдайы өте ауыр. Қазір комада жатыр. Біз қажетті ем-домды жасап жатырмыз. Науқас арнайы аппаратта", — деп мәлімет берді Қапшағай қалалық ауруханасы директорының орынбасары Қайрат Иманғалиев.

Әскери бөлімдегі камераға сарбаздың автоматты оқтап жатқаны түсіпті. Ал, атылған сәті еш жерде жоқ. Сол кезде қасында бірнеше қаруласы болғанымен, олар да мардымды ештеңе айтпапты. Сондықтан, қазір жұмбақ жағдайдың болжамдары ғана бар.

Жақындары болса Ертуғанға әскерде қысым көрсетілген деп ойлайды. Сөйтіп, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген болуы мүмкін. Өйткені, бұған дейін анасына қоңырау шалғанда, қиналып жүргенін жеткізіпті.

Ал, әскери бөлімдегілер жас жігіт оқты өз-өзіне абайсызда атып алған деп топшылайды.

"Біздің болжам бойынша, қару ұстау ережесін дұрыс сақтамаған деген күдікпен тергеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлімжеттік фактілері тіркелген жоқ", — дейді 7552 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік құқықтар бөлімшесінің бастығы Бағлан Қалдыбек.

Хәл үстінде жатқан науқасты қазір басқа ауруханаға ауыстыру мүмкін емес. Жарақат алған сарбаздың жақындары прокуратураға шағым түсірді. Мақсаттары – жігіттің оққа ұшуына кінәлілердің тиісті жазасын тартқызу.

Теги: оқиға