Алматы облысының 20-дан аса тұрғыны кәріз құбырларын қостырғаны үшін қомақты қаржы төлеуге мәжбүр. Өйткені, жауапты мекемемен келісілген жұмыс аяқсыз қалып, халық қарызға белшесінен батқан. Ал тұрғындарды кәрізге қостырған азаматқа іздеу салыныпты.
Шамамен жарты жыл бұрын Бесағаш ауылының тұрғындары кәріз құбырын қостыруға 15-20 мыңнан қаржы жинайды. Алдын ала келісіп, кәріз құбыры тұрғындарға қосылады. Алайда халықтың мұнымен арпалысы біте қоймапты. Қостырғаннан 5 айдан кейін тұрғындарға үлкен көлемдегі ақша сомасы жазылған түбіртек келгенде, халық абдырап қалған. Себебі халық айма ай төлем жасап отыратынын бейхабар екен.
«Кәріз үшін төлемді қалай төлеймін десем, қағаз келеді, қағаз келген соң төлейсің, деді. Күтіп жүрдік», - деді облыс тұрғыны Магилан МҰСАЕВ.
«Өздері айтқандай, біз қосылғаннан кейін оларға хабар бердік. Олар бір аптада боламыз деп, сол күйі келмеді. Түбіртек тек суға ғана келеді, кәрізге келмейді. Енді аяқ астынан бәрімізге кәрізге төленетін қомақты қаржы көрсетілген қағаз келіп тұр. Мен кәрізге төлегенмін, тіпті сонда отырған бақылаушы әйелдерге бердім. Түбіртегім болған, бірақ үйіме ұрылар түсіп құжаттарым жоғалып кетті», - деді облыс тұрғыны Мадияр ЖАҢАБАЕВ.
Елді-мекенде кәріз құбыры 2014 жылы жаппай жүргізілген. Бірақ оған біраз үйлер қосылмай қалғанға ұқсайды.
«Бір көшеде бар, бір көшеде жоқ. Көше де жөнделмеген. Барлық адамдар бірдейміз ғой, халыққа, бәрімізге бірдей қарау керек. Ағызатын бізде жоқ, жеке-жеке қазып алдық, ол толып кетеді, оны тазалау бізге қиын. Машина шақырту керек, оның бәрі ақша төлейміз», - деді облыс тұрғыны Аймина ИСАҚЫНОВА.
Тұрғындар мұндай бейберекетке жергілікті құбыр желісіне жауапты «Су құбыры» мекемесінің өкілдерін айыптап отыр. Бұқараның сөзінше, Қазыбек есімді бас инженер жұрттан ақша жинап, қостырып берген-міс. Бірақ тұрғындарға ешқандай келісімшарт та, түбіртек те бермеген. Ал жергілікті әкімдік өкілі мұндай жағдайдан енді ғана құлағдар болдым, дейді.
«Кәріз құбыры бойынша Қазбек есімді азамат осы су қоймасына жауапты болған. Қазір оның адамдардан ақша жинап, орталық кәріз құбырына қосқанын біліп жатырмыз. Халықтың қолында не техникалық жағдайы да, түбіртектері де жоқ. Қазбек осыдан үш айдай бұрын жұмысынан босаған. Оның үстіне арыз түсірілді, қазір оны іздеп жатыр», - деді Бесағаш ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Нұрбек ӨМІРЗАҚОВ.
Ал «Су құбыры» мекемесінің өкілі бұған дейін Қазбек есімді қызметкердің мұндай әрекеттерін білген жоқпыз деп міз бақпады. Десе де, тексеріс жүргізіп, заңсыз қосқан үйлерді анықтапты. Сөйтіп оларға кәріз құбырын қолданғаны үшін төленетін соманы шығарып берген көрінеді.
«Біздің жұмыскерлер тексеріп білгеннен кейін сондай графаға канализацияны енгізіп, мынандай сомасын жасап берді. Ешқандай айыппұл емес», - деді Талғар ауданы «Су құбыры» МКМ аймақтық басшысы Алмас АДАСПАЕВ.
Енді халық кәрізге қосылып, оны қолданғаны үшін 125-130 мың теңгеден төлеуіне тура келеді. Ал бұрынғы инженерден әлі күнге хабар жоқ.
Назкен Байтілес, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы