Бұқараның базынасы ескерусіз қалмады. №70 автобустың сирек қатынайтындығынан жергілікті тұрғындардың әкімдікке шағым түсірулеріне тура келген еді. Енді бұл олқылық реттелді. Жеке меншік мекеменің тозығы жеткен қоғамдық көліктерінің орына муниципалды автобустар пайдалануға берілді.
Таңертеңнен бері №70 автобус бағыты жаңа қоғамдық көлікпен қатынауды бастады. Бас-аяғы бұқара игілігі үшін 14 темір тұлпар пайдалануға беріліпті. Енді «Көкжиек» ықшам ауданынан бастап, солтүстік айналма жолымен жүріп, Розыбақиев, кейін Тимирязев көшесінен өтіп, әрі қарай «Таулы қырат» елді-мекеніне барып бірақ тоқтайды. Жаңа автобустармен қала әкімі танысты.
Қала әкімінен ескерту естіген жауаптылар олқылықтың орнын тап-тұйнақтай етіп ретке келтіретіндіктерін айтты. Ал биыл 388 муниципалды автобус алуға бөлінген қаражатқа 165 көлік сатып алынып, бүгінде түрлі бағыттар бойынша қызмет көрсетуде. Қалған 223 -і жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.
«Адамдардың отыруына өте ыңғайлы. Оның ішінде арбамен қолданатын адамдарға, мүгедек жандарға қолайлы. Қозғалтқышы еуро-5 стандартына сай. Олардың ауа ластау көрсеткіші-газбен жүретін автобустармен пара пар. Жаздыгүні кондиционермен, қыстыгүні пешпен орнатылған, ыңғайлы автобустар», - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.
Жаңа автобустардың ыңғайлы екеніне көлік жүргізушілері де күмән келтірмейді. 22 жыл бойы темір тұлпар тізгіндеген Талғат Асқарұлының да айтар айыбы мен тағар еш міні жоқ.
«Әрине ұнайды. Бұрынғы заманға қарағанда, қазір бәрі орына келіп жатыр. Бәрі ұнайды, айлық жақсы қазір», - деді автобус жүргізушісі Талғат ҚАЙЫПБАЕВ.
Көлік реформасы аясында жеке тасымалдаушылар да жыл басынан бері 254 жаңа автобус сатып алыпты. Қазір оның 79-ы түрлі бағытқа шығарылған. Жыл аяғына дейін тағы 32 автобус жолға шығады, қалған жаңа 163 автобус 2018 жылдың бірінші тоқсанында келеді деп күтілуде.
Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы