Алматы тәлімбағындағы бүркіт балапандары еркіндікке жіберіледі

Алматы тәлімбағындағы бүркіт балапандары еркіндікке жіберіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы тәлімбақта өсірілген 4 бүркіттің балапаны қыркүйек айының аяғында еркіндікке жіберіледі. Әзірге мамандар жыртқыш құстарды жабайы табиғатқа барынша бейімдеп, азық тауып жеуді үйретуде.

Қазір 6 айлық балапандар күніне бір рет тірі қоянға аңшылық жасайды. Сондай-ақ, шымыр болуы үшін төбесі биік, іші кең торды мекен етеді.

Айта кетейік, «Сұңқар» орталығы – Қазақстан бойынша жыртқыш құстарды өсіретін жалғыз тәлімбақ. Соңғы 5 жылда мұнда 21 бүркіт бостандыққа жіберіліпті. Өкініштісі, мамандарға құстардың ары қарайғы өмірін бақылау мүмкін болмай отыр. Оған қоса, елімізде орнитологтар саны жетіспейді дейді орталық директоры Ашот Анзоров.

«Біз көптеген елдермен тәжірибе алмасып, құстарды да айырбастап тұрамыз. Оларды тиімді көбейту жолдарын да үнемі қарастырып жүрміз. Мәселен, осыған дейін Зоология институтында арнайы кафедра болатын. Қазір ол да жабылып қалған. Тәлімбақта жұмыс істейтіндердің бәрі іс жүзінде мықты деп айта аламын. Құстардың санын көбейтуде біліктіліктің маңызы зор», – деді «Сұңқар» орталығының директоры Ашот АНЗОРОВ.

30 жылдық тарихы бар тәлімбақта 500-ден астам сұңқар мен бүркіт бар. Мамандар Қазақстанның әр түкпірін мекен ететін құстардың 15-тен астам түрін бағады. Олардың саны осында көбейтіліп, сатылады екен.


Новости партнеров